«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Ақмол ауылындағы құс фабриасының базасында біз Германиядан келген инвестормен бірлесіп, ет бағытындағы жаңа өндіріс салып, 400 жұмыс орнын құрдық. Фабрика қуаты жылына 20 мың тонна салқындатылған құс еті мен 300 тонна терең қайта өңделген өнімді құрайды. Жоба Астана азық-түлік белдеуіне кіреді және елорданы 100 пайыз ет өнімдерімен қамтамасыз етеді, сонымен қатар республикаға әкелінетін ет импортын 15 пайызға қысқартады. Құрметті Елбасы! Қазақстанның құс шаруашылығы саласы атынан біз Сізге қолдау көрсеткеніңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз», - деді «Capital Project LTD» ЖШС-ның құрылтайшысы Максим Божко.
Мемлекет басшысы өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін сапасын арттыру және республиканы толық көлемде қамтамасыз ету басты мақсат болып отырғандығын атап өтті. «Қазақстан - аграрлық ел. Жалпы экономикадағы ауыл шаруашылығының көлемі 4,5 пайызды құрайды», - деген Елбасы өңірлерде осындай жобалардың жүзеге асырылуына жағдай жасаған әкімдерге де өз ризашылығын білдірді.
Ақмола облысындағы «Capital Projects LTD» серіктестігі бройлер құс фабрикасының 2-ші жобасы Астана мен оған іргелес жатқан барлық аудандарды сапалы құс етімен қамтамасыз етеді. Қоңды балапан еттері су шығындамай, тамшылату жүйесі арқылы мұздатылады. Бұл әдіс өнімнің балғын табиғи қалпын сақтауына ықпал етеді. Өңірдің азық-түлік белдеуін қалыптастыруға аса қажетті нысан жылына 20 мың тонна құс етін өндіреді.