Астананың атасы - Дешті-Қыпшақ заманында бой көтерген Бозоқ қаласы

АСТАНА. 17 маусым. ҚазАқпарат - Тау мен тасы да, өзен-көлінің сағасы да тұнған шежіре Сарыарқа төсінде қанат жайған үшінші мыңжылдық қаласы - абат Астана тарихы көне өркениет пен ежелгі дәуір мәдениетіне сабақтасатындығы дәл қазір талассыз ақиқат.

Оған дәлел бүгінде елордамыз қоныс тепкен кеңістікте сонау бір Дешті-Қыпшақ заманында бой көтерген Бозоқ қаласы. Астана қаласы төңірегінің толық археологиялық картасын жасауға бастамашы болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ортағасырлық Бозоқ қаласын Ақмоланың тікелей атасы, ал оның соңғы ұрпағы қазіргі Қазақстанның елордасы Астана деп есептеуге болады» деп атап көрсетті. «Егемен Қазақстан» газетінде 1998 жылы Бозоқ қаласын алғаш ашқан академик Кемел Ақышевтың ізін жалғастырушы, К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдуллинамен болған сұхбатты жарияланды.  ҚазАқпарат осы сұхбаттың  мәтінін ұсынады.

- Марал Қалымжанқызы, еліміз­дің айбары мен айбынына айналған Астана қаласының ежелгі бастауында болған Бозоқ қаласының ашылу тарихы және топографиялық ерек­ше­­ліктері туралы не айтасыз?

- Нұра мен Есіл өзендерінің саға­сындағы ортағасырлық қалалар туралы алғашқы деректер Ресей империясы Бас штабының тапсырмасы бойынша 1816 жылы Есіл мен Нұра аумағын зерт­теген кен инженері Иван Шан­гин­нің күн­де­лігінде келтірілген. Оның бұл күнделік­тері 1820 жылы Ресейдің импе­раторлық «Сибирский вестник» журналында жа­рия­ланған. Осы ерте ор­та­ғасырлық қалалардың жұрнағын табу жұмысымен өткен ғасырдың 50-70 жыл­­­дарында Әлкей Марғұлан айна­лыс­­қан. Алайда Астана қаласы төңі­регінде орын тепкен Бытығай және Бозоқ қалаларының орны тек еліміздің астанасы Алматыдан Ақ­молаға көші­рілген кезеңде анықталды. Бозоқ қала­сының орнын 1998 жылы тауып, 1999 жылы алғаш археологиялық қазба жұ­мыс­­­та­рын жүргізген Есіл ар­хео­ло­гия­­лық экс­педициясының негізін қалаушы және жетекшісі Кемел Ақышев болатын.

Бозоқ қаласы Есіл өзенінің сол жа­ғалауындағы Бозоқты көлінің шығыс жағында, Есіл өзенінен өтетін дәстүрлі өткел - Қараөткелден оңтүстік-шығыс бағытқа қарай 5 шақырым қашықтықта орналасқан. Қазіргі кезде бұл архео­ло­гиялық нысанның аумағы Астана қала­сының шеңберінде қалған. Бұл архео­логиялық ескерткіш үш бөліктен - ор­талық және шет жағындағы екі бө­ліктен тұрады. Олардың әрқайсысы орлармен, бөгеттермен қоршалған. Осы орта­лық­тан 70 метр солтүстікке қарай жер үй кейпіндегі тұрақтар, құдықтар және өзен­нен тартылған егін суаратын арық­тар орналасқан. Орталықтан 40 метр оңтүстікке қарай қыш кірпіштен құйыл­ған мазарлар мен кесенелердің қалдық­тары сақталған. Археологиялық ескерт­кіштің төртінші құрылымы қала­ны шы­ғыстан солтүстікке қарай қор­шаған қорғандар мен орлардан тұрады.

- Қаланың іргетасы қай ғасыр­лар­да қаланған, оның іргетасын қалаған ежелгі қандай тайпалар деп болжауға болады?

- Бұл археологиялық ескерткіштің ғұмырын үш кезеңге бөліп қарастыр­дық. Бірінші кезең көне түрік дәуірінен бастау алады. Яғни, Бозоқ қаласының орнынан табылған үш төртбұрыш фор­масындағы алаңдардағы жәдігерлер VIII-IХ ғасырларға жатқызылды. Бұл жәдігерлер аумағы 12636 шаршы метр­ді алып жатыр. Сондықтан Бозоқ қала­сы көне түріктердің әскери ордасы - резиденциясы болған. Екінші кезең Қазақ­­станның ұлы даласында Қыпшақ хан­дығы дәуірлеген Х-ХІІ ғасырларға жатады. Бұл кезеңде Қыпшақ тайпалары кө­не Бозоқ қаласының айналасын қоршаған орларды қайта тазалап, ішкі алаңдарды саз балшықпен әрлеген екен. Орталықтағы үш квартал аумағына қайтадан жер үйлер тұрғызған. Бұл көне тұрақтардың маңайына бақша салып, егін еккен. Суармалы егістік дамыған. Оған арық, канал жүйелерінің кейпін­дегі суармалы егіншілік мәде­ниетіне тән жәдігерлер дәлел.

Көне Бозоқ қаласының үшінші ке­зеңі - көне қала қоныс тепкен орынның бергі уақытта мұсылмандықтың діни орталығы болғандығын көрсетеді. Бо­зоқ шежіресінің үшінші кезеңі ХІІІ-ХІV ғасырлардағы алтынордалық дәуірден біздің заманымызға дейін жалғасқан. Бұл кезеңде көне Бозоқ қаласының орны Нұра-Есіл төңірегіндегі халықтың атақты тұлғаларын жерлейтін қасиетті мекен болып саналған.

- Марал Қалымжанқызы, сонау ежелгі кезеңде бұл жер қала салу үшін неліктен таңдап алынған?

- Түркі текті көшпенділер Еуразия кеңістігін алғаш қоныстанған кезде өздерінің елді мекендері мен тұрақтары үшін табиғи қорғаныс ерекшеліктері бар сулы-батпақты өңірлерді таңдаған. Бұл жаугершілік заманда шапқыншы­лардың батпақты өңірлерде кең соғыс қимылдарын жүргізе алмайтындығына байланысты болған. Мұндай «батпақты аймақтағы қалалар» мысалына Арал өңіріндегі оғұздар, Дағыстандағы Терек өзенінің жағасындағы батпақты өңір­лер­дегі хазарлар тұрғызған қалаларды мысалға келтіруге болады. Бозоқ қа­ласы да осындай топографиялық қа­сиет­­те­рі­мен ерекшеленеді. Ол Есіл өзе­нінің сағасындағы батпақты өңірге қоныс тепкен. Осы арқылы екі тиім­ділікке қол жеткізілген. Біріншіден, бұл қорғаныс үшін қолайлы болса, екінші­ден, егін­шілікпен айналысуға таптырмайтын ке­ңістік. Бозоқ қаласының батыс жағы Бозоқты көлімен қорғалса, шығыс жағы батпақты болып келеді. Ал қаланың оңтүстік аймағы қолдан жасалған орлармен қоршалған.

- Ерте ортағасырлық дәуірге жататын қаланың атауын неге Бозоқ деп алдыңыздар?

- Түркітілдес және моңғол тайпа­ла­рының арасында үшке бөлінген әскери лагерьлерді, ордатұрақтарды ұйымдас­ты­ру ежелгі дәстүр болып табыла­тын­дығын айттық. Ортағасырлық мемле­кеттердің үшке бөлінген әкімшілік құ­рылымы жазба деректерде де қолда­нылған. Орду - орталық, бозоқ - шы­ғыс қанаты, үшоқ - батыс қанаты. «Бозоқ» термині бүгінгі күнге дейін келген Бозоқты көлінің атауында сақталған. Бозоқ қаласы осы Бозоқты көлінің жағасында орналасқан. Сондықтан біз бұл археологиялық ескерткішті Бозоқ қалашығы деп атадық.

Тағы бір айта кететін мәселе, «бо­зоқ» - түркі-оғыз термині. Яғни көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құры­лымының шығыс бөлігінің атауы. Түрік-оғыздың бозоқ термині - тесіп өтетін жебе немесе ақ жебе деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі боз дала, ақ се­леу­лі құтты қоныс дегенді айғақтаса керек.

Сарыарқаның төсімен жарыса аға­тын қос өзен - Нұра мен Есіл жағалауы ежелден-ақ далалықтардың құтты қо­ны­сы, қасиетті мекені болған. Бозоқ қа­ла­сы болса, бүгінгі тәуелсіз Қазақ­стан­ның бас қаласы - Астананың шежіресі сонау көне дәуір тарихымен сабақ­та­сатын­дығын айғақтайды. Бозоқ қаласы көне дәуірде Батыс пен Шығысты жалғас­тырған атақты Жібек жолының елеулі орталықтарының бірі болса, Аста­на бүгінгі Батыс пен Шығыс өрке­ниетінің алтын көпіріне айналды.

- Әңгімеңізге рахмет.