- Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы саласын өркендету бағытында жалпы сомасы 12,4 миллиард теңгені құрайтын 27 жоба қолға алынған. Бұған дейін, 2008 жылы кәсіпорындардың өз қаражаты және несиелік қаржы есебінен қарастырылған 3 миллиард теңге 13 жобаны іске асыруға бағытталған болатын. Белгіленген жобалардың жүзеге асырылуы ең алдымен Астананың азық-түлік белдеуінің алға басуына мұрындық болғаны сөзсіз. Осы мақсатты істер орындалса, 2011 жылы елорданың сұранысы сүт және сүт өнімдерімен 99 пайызға, етпен 55,2 пайызға, өсімдік майымен 30 пайызға, көкөніспен 50 пайызға қанағаттандырылатын болады. Ал жұмыртқа мен картоп бойынша мәселе толықтай оң шешімін тауып отыр. Ағымдағы жылдың сегіз айында аймақ бойынша 54 мың тонна ет, 320,5 мың тонна сүт өндіріліп, 216,3 миллион дана жұмыртқа алынған. Ол ең алдымен барлық өңірде мал басының өсуі нәтижесінде іске асырылған. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, аймақ бойынша күтімдегі құс 4,2 пайызға, қой мен ешкі - 6, жылқы -4,1, ірі қар мал басы 1 пайызға өсіп отыр.
Елорданы ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында мал басы көбейтіліп, бордақылау алаңдарын молайту бағытында мақсатты істер шешімін тауып келеді. Осыған орай Еңбекшілдер ауданында бес мың бас қазақтың ақ бас сиырын өсіруге арналған бордақылау алаңының жобасы жүзеге асырылуда. Соған сәйкес ауысымдық қуаты 30 тонна ет комбинаты салынып, іске қосылды. Оның өнімдері елорда сауда орындарында ғана емес, сондай-ақ Алматыда да сатыла бастады. Биылғы жылы 20 мың басқа арналған осындай 6 жоба қолға алынды. Соның негізінде 2011 жылы елорда тұтынушыларын ет өнімдерімен қамтамасыз ету көлемін 85 пайызға жеткізуге жағдай жасалынбақ. Қазірде ет өнімдеріне деген қажеттілік 11 пайыз деңгейінде орындалуда. Жалпы бүгінгі таңда облыс тұрғындарының етке деген сұранымы 49,4 мың тонна, ал Астана бойынша 42,2 мың тонна мөлшерінде белгіленген. Бұл ретте Аршалы мен Бурабай аудандарында қолға алынып отырған жобалардың іске асырылуы нәтижесінде 2010 жылы аймақта 56 мың тонна ет өндіруге қол жеткізілмек, бұл өткен жылғы жетістіктен 4 пайызға жоғары.
- Елбасының Жолдауындағы басым бағыттарда елорданы сапалы әрі қолжетімді бағадағы сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету жайы атап көрсетілген. Осы турасындағы табыстарды тарқатып өтсек?
- Сүт өнімдерін өндіруде ірі және орта деңгейдегі тауарлы сүт фермаларын салу басым бағытқа айналмақшы. Осы орайда Бурабай ауданында салынып бітуге таяу 1200 басқа арналған кешенді атап өтуге болады. Осы аудандағы «Есіл-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 3 мың бас малға арналған қазақстан-герман біріккен кәсіпорынның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл ретте өңірде іс сапармен болған Елбасы тауарлы сүт кешенінің жұмысымен танысып, қуанарлық іс екенін атап өткен болатын. Осындай кешен құрылысы Целиноград ауданында да қолға алынған. Айтулы жобалардың жүзеге асырылуы ірі шаруашылықтар өндіретін сүт өнімдері көлемін екі есеге арттыруға жағдай жасайды.
Облыс аумағында сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар желісі жылдан жылға кеңейіп келеді. Есіл, Бұланды және Бурабай аудандарында жаңа сүт зауыттары іске қосылып, жұмыс істеп жатыр. Биылғы жылдың аяғына дейін тағы 4 кәсіпорын іске қосылмақ. Қазіргі таңда облысымыздың шаруашылықтары Астана тұрғындарының сүт өнімдеріне деген қажеттілігінің 67 пайызын қамтамасыз етіп отырса, аталған жобалардың жүзеге асырылуы бұл көрсеткішті 85 пайызға дейін көтеруге мүмкіндік бермек. Жалпы өңірде сүт өндірудегі ірі шаруашылықтар құрылымдарының алатын үлес салмағы 6 пайызды құрайды. Осыған орай шаруашылықтардағы қашарлар санын 25 мың басқа жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Бұл ірі шаруашылық құрылымдарында жыл сайын өндірілетін сүт көлемін 100 мың тоннаға жеткізуге жағдай туғызатын болады.
- Елорданың азық-түлік белдеуінде картоп және көкөніспен қамтамасыз ету ерекше орын алады. Аймақта бұл бағыттағы жұмыс ауқымы қаншалықты шешімін тауып отыр?
- Астана аумағында азық-түлік белдеуін жасауда картоп пен көкөніс өсірудің маңызы зор. Биыл шаруашылықтардың картоп алқабы 2800 гектарға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда екі еседей артқан. Елорданы картоппен толық қамтамасыз ету үшін бұл дақыл алқабын 6 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Алдын ала жасалынған болжамға сәйкес ағымдағы жылы 221 мың тонна, соның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында 33 мың тонна картоп жиналады деп күтілуде. Бұл өңір тұрғындарын, астаналықтардың сұранымын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Екінші бір мәселе - көкөніспен қамтамасыз етуге келсек, ол 800 гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық, ал 2010 жылы оны 3 мың гектарға жеткізуіміз қажет. Жалпы аймақ пен елорданың көкөніске деген сұранымы 171 мың тоннаны құрайды.
Өңірде көкөніс алқабы биылғы жылы 760 гектар деңгейінде қалыптасқан, бұл өткен жылмен салыстырғанда 150 гектарға артық. Степногорск қаласында аумағы 3,6 гектар жылыжай құрылысы салынуда. Ол болашақта 6 гектарға дейін ұлғайтылмақ. Аталған жылыжайдан алғашқы өнім 2010 жылы алына бастайды. Соңғы үш жылда картоп сақтауға арналған, сыйымдылығы 15 мың тонналық үш қойма пайдалануға берілді. Биылғы жылы Астана маңынан он мың тонна өнім сақтайтын тағы бір қойма іске қосылмақ.
- Азық-түлік жайын сөз еткенде өсімдік майының маңыздылығы ерекше деуге болады. Кейінгі уақытта оның бағасын тұрақтандыруға мемлекеттік деңгейде шара қолдануға тура келгенін ұмыта алмаспыз. Тығырықтан шығудың жолы ретінде майлы дақылды өсіруге ден қою, оны өңдеуді өндірістік негізде іске асыруға ерекше мән беріліп отыр. Сонымен өңірде өсімдік майына деген сұранымды қанағаттандыру қаншалықты шешімін тауып келеді?
- Соңғы екі жылдың ішінде майлы дақылдар егістігінің алқабы 2,5 есеге көбейіп, 45 мың гектарға жеткізілді. Атбасар ауданындағы «Сочинское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылдық қуаттылығы 1200 тонна болатын өсімдік майын шығаратын зауытты іске қосты. Осындай жобаларды «Максимов» және «Қазгерқұс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де жүзеге асырып отыр. Мұның өзі облыс тұрғындарын өсімдік майымен 30 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуге жағдай жасайтын болады. Ал елорда тұрғындарының өсімдік майына деген сұранымын толық қанағаттандыру үшін осындай 9 кәсіпорын ашып, оларды шикізатпен қамту үшін майлы дақыл егістігінің көлемін 83 мың гектарға жеткізу қажет. Бұл ретте аймақ пен Астана тұрғындарының өсімдік майына деген жылдық қажеттілігі 92 мың тонна деңгейінде анықталып отыр. Алдын ала белгіленгендей, жыл сайын екі цех іске қосылатын болады. Оның сыртында Зеренді ауданында «Азат элеваторы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде германдық технология бойынша тәулігіне 80 тонна майлы дақылды тазалап, кептіріп, өңдейтін жүйе құрастырылуда. Осындай жүйе Бурабай ауданында «Көкшетау-Мельинвест» ЖШС- де іске қосылмақ. Бұл аталған жобалар «ҚазАгро» ұлттық холдингінің қаржыландыруымен жүзеге асырылуда.
Елорданың азық-түлік белдеуін іске асыру жайы Көкшетауда Елбасының қатысуымен өткен салиқалы басқосуда жан-жақты сарапталып, нақтылы іс шаралар айқындалып, басым бағыттар белгіленген болатын. Соған сәйкес аймақтағы ұсақ шаруа қожалықтарының басын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыруға қажетті құрылымдар белгіленген. Ол құрылымдардың негізі машина-трактор стансаларын құру, өнім өндіру, оны өңдеу және сақтау, сату сияқты жұмыстарды ұйымдастыруда жатыр. Қызмет көрсету-дайындау орталықтарының негізгі құрылтайшыларының бірі - «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы. Бұның өзі құрылымның тиімді жұмыс істеп, түрлі қаржы көздерін қатыстыруға игі ықпалын тигізбек. Ал түпкі нәтижеде елорда тұрғындарын сапалы және арзан азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін болады.