Бұл туралы бүгін «Astana Invest 2015» VI Халықаралық инвестициялық форумының «Астана инновациялық хаб ретінде» тақырыбындағы пленарлық сессиясында Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрәлі Әлиев мәлім етті. «Смарт Астана» жобасының негізгі ерекшелігі - жоба 100 пайыз инвесторлардың қаражатына жүзеге асырылады. Ерекше атап өткім келетін жайт, биыл мемлекеттен шығын шыққан жоқ. Салыстыра кетсек, 2014 жылы мемлекеттік бюджеттен 2 млн долларға жуық қаржы тартылған. Ал, 2015 «Смарт Астана» бағдарламасының аясында 10 млн доллар инвестиция тартылған бес ілкі жоба іске қосылды. Тағы айта кетерлік жайт, инвесторды тарту - смарт технологияларды жедел түрде енгізуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, біз инвесторларға ашықтық, өзара тиімділік және сенім қағидаттарына кепілдік береміз. Астанаға инвестиция салыңыздар, елорданы ақылды қалаға айналдыруға үлес қосыңыздар», - деген әкім орынбасары статистиканы сөйлетті. «Статистикаға сүйенсек, Астана Қазақстанның елордасы атанғаннан бері қалаға 5 млрд доллар инвестиция тартылған. Астананың қауіпсіздігі, инфрақұрылымы, халық санының тез өсуі инвестиция тартудағы басты тартымды тұстар деуге болады. Қала дамуындағы негізгі аспект - елорда тұрғындарының қауіпсіздігі. Астана бұл бағытта да жүйелі жұмыс атқарып келеді. Бүгінде Астанада 1001 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал, болашақта біз бүкіл қаланы қамту арқылы 10 мыңнан аса бейнебақылау камерасын орнатамыз», - деп хабарлады әкім орынбасары. Оның айтуынша, қала әкімдігі жас инноваторларды қолдай отырып, осы уақытқа дейін 18 жобаны қаржыландырған. . Бұл жобалар кәсіпкерлерге 174 млн теңге көлемінде пайда әкеліп, старт-ап жобалардың арқасында "Қазақстанда жасалған" 14 өнім патенттелген екен.
16:47, 29 Қазан 2015
Астананың қауіпсіздігі үшін қала аумағын түгел қамтитын 10 мың бейнекамера орнатамыз - Н.Әлиев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір Астана көшелерінде шамамен 1000 аса бейнебақылау камералары бар. Ал, алдағы уақытта қала аумағын түгел қамту үшін елорда көшелеріне 10 мыңнан аса бейнебақылау камерасы орнатылады.