Елорданы сумен толық жабдықтау үшін Есіл өзенінен бөлек, қосымша ауыз су көзін және техникалық судың жайын шешу керек. Бұл мәселені «Астана су арнасы» коммуналдық кәсіпорны жоғары деңгейде атқарып келеді.
- Елорданы Есілдің жағасына көшірген тұста шешуге тиісті көп мәселенің бірі су жайы еді. 1999 жылы Президент жанындағы Қауіпсіздік кеңесімен бірлесе отырып, 2000 - 2010 жылға дейінгі «Таза су» бағдарламасы жасалды. Соның аясында 2007 жылы «Астана қаласын сумен жабдықтау және кәріз жүйесі» жобасын қолға алдық. Оған Жапон халықаралық ынтымақтастық банкі екі пайыздық өсіммен займ есебінен 43,5 миллиард теңге берді. Бүгінге дейін бұл қаражаттың 20 миллиард теңгесі игеріліп, осы мерзімге есептелген жұмыс толығымен тәмамдалды. Қалған 23 миллиардын 2010 жылдың 1 шілдесіне дейін игеру көзделіп отыр,-дейді «Астана су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас директоры Жаңбыршы НҮРКЕНОВ.
Мамандардың есебінше, 2011 жылы 770 мың тұрғын халық жылына 109 миллион, ал тәулігіне 300 мың текшеметр су қажетсінеді. Демек, сол кезде жыл өткен сайын 50 млн текшеметр су қат болады. Оның ішінде ауыз су да, техникалық және тұрмыстық су да бар. Бүгінде Астана тәулігіне 170 мың текшеметр шамасында су пайдаланады. Күн ыстық кезде қаланың қажеті 200-240 текшеметрге артады. Ал қыстың күні 150 текшеметрге төмендейді.
Кезінде Целиноград қаласын сумен қамтамасыз етіп тұрған Вячеслав су қоймасы (бүгінде Астана су қоймасы болып өзгерді) 1969 жылы салынған. Одан бері қоғамдық құрылыс өзгерді! Дәуір озды, мүлік тозды. Енді бүгін елорда болған шаһарға шағын һәм ескі су қоймасының қауқары жетпеуге айналды. Қаладан 51 шақырым қашықтағы Қарағанды тас жолының бойында орналасқан. Бізге жеткенше судың үштен бірі шұрқ-тесік құбырдан ағып-тамып, жолай әбден ысырап болады. Есілден ағып шыққан суды бөгеп ұстайтын бұл су қоймасы 410 миллион текшеметр суға есептелген. Судың мөлшері тиісті деңгейден түспес үшін 2-3 жыл сайын жауын-шашын мен қардың суымен еселеніп тұруы керек. Қуаңшылық жылдары су тапшылығын болдырмау үшін 2001 жылы Қ. Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды каналынан арнайы су құбырын салды. Су елордаға еркін келіп тұру үшін 165 шақырым құбыр тарту қажет. 2011 жылға дейін жүргізілетін жұмыстың бірінші кезегінде Астана су қоймасына дейін 100 шақырым құбыр тартылуы тиіс. Келесі жылы 51 шақырым желісін қайта жасақтап бітсе, жақсы. Ал енді каналдан су тарту қымбатқа түседі. Бір текшеметрі - 10-15 теңге. Демек, 100 миллион текшеметр су тарту үшін 1,5 миллиард теңге керек.
Елордада 2020 жылға қарай қалдық судың көлемі үш есеге, яғни тәулігіне 360 мың текшеметрге дейін артады. Сол үшін кәріздік-тазарту құрылғылардың технологиялық ресурсын көбейту қажет. Сондықтан, бұрынғы Талдыкөл қалдық су қоймасын жауып, оның орнына көлемі 27 мың текшеметрлік Қарабидайықты пайдалануға көштік. Шілденің 25-інен бастап тәулігіне 76 мың текшеметр су жіберіле бастады. Мамандар қалдық суды механикалық-микробиологиялық тазалауды қолға алмақ. Егер ол жүзеге асса, тазартылған қалдық суды жылу-энергетика орталықтары мен кәсіпорындарға, «Астана Көгалдандыру құрылысына» сату ойластырылып отыр.
Сондай-ақ, 2005 - 2010 жылға арналған су құбыры мен жылу құбырын айырбастау жөніндегі қалалық бағдарлама аясында жыл сайын тозығы жеткен су құбыры, жылу құбыры және кәріздік құбырлар жаңартыла бастады. Қала маңындағы «Жібек жолы» ауылынан сыйымдылығы 400 миллион текшеметрлік қар мен жаңбыр суын жинайтын таза су қоймасын салуға кірістік. Жұмыстың жартысынан көбі бітті. Сондай-ақ, Тельман ауылында тәулігіне 100 мың текшеметр су айдайтын жаңа техникалық су стансасы салынды. Онда көктемгі еріген қардың суы мен жазғы жауын-шашынның суын жинап, техникалық қажеттіліктерге жұмсайды.
Биыл 100 шақырымдай магистральды су құбыры, 20 шақырымдай кәріздік су құбыры ауыстырылды. Атап айтқанда, Астана су қоймасындағы тозығы әбден жеткен бірінші құбырын есептен шығарып, оған бөлінген 2 млрд 150 млн теңгеге 25 шақырымы салынды. Екінші жарты жылдықта қалған 3 млрд 200 млн теңгеге 20 шақырымның 15 шақырымы жүргізіледі. Келесі жылы қалған бөлігі аяқталса, демек, бұрынғы су құбыры түгел жаңарады. 2001 жылы үшінші су құбыры салынды. Өкінішке қарай, 1989 жылы салынған құбыр жүрдім-бардым атқарылған. Әйтеуір жоқтан бар. Демек, болашақта 50 шақырым құбырды қайта салмаса, болмайды.
Таяуда Үкімет Астана және Алматы қаласын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту туралы арнаулы қаулы қабылдады. Бұл - Астананы сумен жабдықтау және кәріздік құбырлар жөніндегі үшінші жоба. Экономикалық-техникалық негіздеменің жоспарын биыл бітіреміз. Бұл міндеттемені тиімді атқару үшін су құбырлары мен кәріздік желілерді айырбастау қажет. Өйткені осыған дейін тартылған 1 мың шақырым су құбырының жартысы темір-болаттан жасалған. Оның тозығы жетті. Қалғаны шойын немесе асбесттен жасалған. Олар елу жылға шыдас береді. Пайдалану мерзімі 20 жылға ғана есептелген темір-болат құбырды тұтынғалы 50 жылға таянды. Демек, апатты жағдайда тұр.
Судың шамадан тыс шығын болуы - міне, осының салдары. Тіпті 1997 жылдары берілген судың 50 пайызы шығын болатын. Кәзір 25 пайызға түсті. Соның өзінде тәулігіне 200 мың текшеметрі, яғни судың үштен бірі далаға кетеді. Үштен бірі дегеніміз аз мөлшер емес, аттай 60 мың текшеметр су. Сондықтан, су құбырларын жаңарту керек. «Астана су арнасы» жыл сайын тозғандарын шама жеткенше айырбастап келеді. Жұмыс осылайша жүйелі атқарылса, су шығынын кемі 20 пайызға дейін азайтуға болады.
Су шығынын кемітудің және бір жолы - өлшеуіш құралдары. Бүгінде биік үйлердегі пәтердің 75 пайызы осындай құралдармен қамтылды. Көп қабатты 700 үйдің өзіне дербес қондырылды. Ол пәтерлердегі су пайдалану шамасын ортақ есептеуіштің көрсеткішімен салыстыру үшін қажет. 2010 жылдың 1 шілдесіне дейін барлық пәтерге қойылады. Жыл аяғында 75-80 пайызы қамтылмақ. Екі мыңға тарта биік үйге ыстық су мен суық суға ұзын-саны 150 мың дана есептеуіш құралы орнатылады.
Су шығынын мүлдем болдырмау жас мемлекеттің жаңа салынған астанасы түгілі, өзгесі-өзге, Жапония секілді іргелі елдерде де мүлде мүмкін емес көрінеді. Ол елде су шығыны бар-жоғы 8 пайыз деседі. Бірақ ол да күмәнді. Өз мұқтажымыз үшін сүзгілерді шаюға ең аз дегенде 10-15 пайыз су шығын болады. Сондықтан, су шығынын мүлде болдырмау еш мүмкін емес.
Елордалықтар арасында «Астананың кермек татыған суы ішуге жарамсыз» деген сөз бар. Бұл «су ішкен құдығыңның... қадіріне жете алмаудың» бір түрі. Өйткені, «Астана су арнасы басшысының» айтуынша, мұнда адам ағзасына қажетті химиялық элементтің бәрі бар. Әсіресе жүректің қызметіне аса қажетті магний мен сүйек тканьдарына пайдалы кальцийдің мөлшері жеткілікті. Ал тау өзені мен Жетісудың өзенінен су ішіп отырған Алматының өзінің суының дәмі әртүрлі. Алматының суының кермектілігі 2 Мг-экв/л. Мемлекеттік стандарт бойынша судың кермектілігі 7 Мг-экв/л болса, зиян келмейді. Бізде, Астанада 4 Мг-экв/л деңгейде. Онда неге су ащы?
Сөйтсек, оның екі түрлі себебі бар екен, әуелі, суды даладан тасып ішіп отырсыз ба, әлде пәтерге тартылған су құбырынан ішкен суды айтасыз ба? Мәселе сонда, ал, екіншіден, біраз күн пәтердегі су құбырынан су алмай жүріп-жүріп, бір күні шүмектен ағызған судың түсі сарғайып, жағымсыз иіс таралмай ма? Бұл неден? Бұл - әбден тозығы жеткен темірдің таты мен құбырда шіріген бактериялардың салдарынан. Құбыр пластиктен жасалған болса, мұндай болмас еді.
Елорда дүкендері күніне шамамен 500 тоннадан аса су сатады. Ал «Астана су арнасының» бүгінгі таңдағы сумен қамтамасыз ету қуаттылығы - 200 мың тонна. Судың құрамындағы залалды заттардан тазарту үшін күкіртті алюминий, әк және басқа да элементтерді қосып, суды кермек дәмі мен иісінен арылтады. Соңғы кезде судағы зиянды заттарды өз бойына тартып алу үшін байытылған көмір пайдаланылады. Әрі елордада сумен қамтамасыз ету қызметінің ақысы аса жоғары емес. «Астана су арнасы» тасымалдайтын судың литрі - 20 теңге. Олар жекелеген адамдардың мүддесі үшін бағаны көтермей отыр. Тасымалдау құны кем дегенде 4-5 есе артық болуы керек.
«Біздің мекемеде шешімін күткен көп мәселе бар. Соның бірі - кәсіби мамандар. Сумен жабдықтау мамандары жоқтың қасы. Бүгінде әлемнің іргелі елдерінде су жабдықтау қызметі нано-технология негізінде автоматты негізге көшірілген. Біздің еліміз де осыны қабылдау керек. Су жүйесін реттеу ісі осыдан әлденеше жыл бұрынғы әдістен әлдеқайда озып кетті. Кешіктірмей қолға алмасақ, 10-15 жылда еліміз сумен қамтамасыз ету мамандарынан қиындық көреді. Біздің университеттер маман даярлау жөнінен ілесе алмай келеді. Және оған бөлінген грант та саусақпен санарлық. Бұл мәселені Үкімет пен Парламент алдына қойдық. Әзірге болашақ инженерлерді өзіміз оқытып жатырмыз»,-дейді Ж. Нұркенов.
Бүгінде мекеме есебінен жоғары білім алған 76 маман еңбек етуде. Олардың жалақысы да тәуір. Сондай-ақ, тәуелсіздік туғалы еңбеккерлерін баспанамен қамтамасыз еткен бірден-бір мекеме - «Астана су арнасы». Көп қабатты бірнеше үй салынды. Биыл 256 отбасы баспаналы болды. Кәсіпорынның айына екі рет, қазақ және орыс тілінде «Кәусар» атты салалық газеті шығады. Демек, бұл - елорданы жай сумен емес, кәусар таза сумен қамтамасыз етсек деген тілектен туған игі мақсат. Ендеше, Астанада кәусар таза су ішетін күн де алыс емес.