Астананың жалпы кірістер бойынша 2009 жылға бекітілген болжамы 209 111 054 мың теңгені құрайды - Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы

АСТАНА. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат (Райхан Қоңыр) - Астана қаласы әкімдігінің 2009 жылғы ақпанның 12-сіндегі қаулысына сәйкес, бюджетке 404 693 мың теңге көлемінде түзету енгізілді. Себебі жер сатудан түсетін түсім кеміді.

Соған орай, 2009 жылғы бюджеттің кіріс бөлігі 208 706 361 мың теңгені құрайды. Бұл туралы кеше Астана қалалық Мәслихатында кезектен тыс өткізілген ХХХІІ сессияда Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Бекбол Сағын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Салықтық түсімдер 62 361 196 мың теңге, сондай-ақ салықтық емес түсімдердің көлемі 751 375 мың теңге болды. Негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер 11 795 307 мың теңге болса, трансферттер түсімі 133 798 483 мың теңгеге жеткен. Б. Сағынның айтуынша, жалпы кірістер бойынша 2009 жылға бекітілген болжам 209 111 054 мың теңгені құрайды. Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы қала бюджетінің шығыстары туралы тоқтала келіп, республикалық бюджеттен бөлінген трансферттердің тиісті өзгерістері және басым емес шығыстардың қысқартуы есебі бойынша, шығыстардың жалпы сомасы 226 489 173 мың теңгені құрайтыны жайында тоқталып өтті. Оның ішінде шығындар - 211 300 912 мың теңге, ал заңды тұлғалардың жарғылық капиталын қалыптастыру немесе ұлғайту 10 079 961 мың теңге болды.