Шикізат шеңберінен шығу
Мемлекет басшысының келіссөздері мен сапар аясында ұйымдастырылған бизнес-форумда жаңа ұмтылыс бар. Себебі мұнда басты назар өнеркәсіп пен білім, шикізат ресурсы мен жаңа технологияға ойысты.
Қазақстандық қоғамдық даму институты басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиевтің пікірінше, цифрландыру ынтымақтастықты дамытудың ең тиімді саласы болмақ.
— Корея — цифрландыру және жасанды интеллектіні нақты өндірісте қолдану бағытында әлемдік көшбасшы. Мұны кореялық ұялы телефондар мен автокөліктер нарығынан байқап отырмыз, — деді Азамат Байғалиев.
Сарапшының байламына сүйенсек, кейінгі жылдары қазақ-корей келіссөзі шикізат тақырыбынан технологиялық әріптестік жайына ауысып келеді.
— Елімізде Кореяның ірі кәсіпорындары жұмыс істеп жатыр. Қазір олармен өндірісті жергіліктендіру, әлемдік нарық талабына сәйкес келетін тауар өндіру және экспортқа қатысты мәселе талқылануда. Яғни, біз анағұрлым күрделі өндірістік кооперацияға қарай бет алып келеміз. Әрине, қазақстандық мамандардың халықаралық тәжірибені барынша жедел меңгеріп, кәсіпорындарымызды заман талабына бейімдеуі маңызды, — деп бағалады спикер.
Ал саясаттанушы Серік Белгібаев сапардың нәтижесін қол қойылған меморандум санымен емес, нақты нәтижемен бағалауға шақырды. Әсіресе, өнеркәсіптегі ілгерілеуге қаншалықты септігін тигізетіні қаперде болуы керек.
— QazaqGaz, Hyundai Engineering және SICIM Kazakhstan Батыс Қазақстанда газ өңдеу зауытын салуға ынта білдірді. Корея алғаш рет тек сауда серіктесі емес, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қауқарлы тарап ретінде көрініп отыр. Алайда нақты нәтиже шикізаттан технологияға көшкен кезде басталмақ. Мысалы, корей компаниялары өз қаржысына литий мен сирек кездесетін металдарды өңдеп, өнім өндірген кезде ғана жұмыс жемісті болды ден айта аламыз.
Бірақ Кореяның бизнес өкілдері отандық нарыққа кеше келген жоқ, көп жыл бойы тәжірибе жинады. Мәселен, қазір Hyundai мен KIA автокөліктері Қазақстанда құрастырылып жатыр. Сондықтан жаңа инвесторлар үшін біздің нарыққа ену қиынға соқпайтын секілді, — деген ойда Серік Белгібаев.
Саясаттанушы атап өткендей, кейінгі жылдары мемлекет шетелдік инвесторларды шақырып, инновация мен озық инженерлік тәжірибені бірлесіп игеруге басымдық беріп отыр.
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының аға оқытушысы Олжас Темірқұловтың пікірінше, Астана үшін Сеулмен жақын қарым-қатынастың берері мол. Корея технологиясы сыртқы тәуекелдерді институционалдық шешуге шешуге мүмкіндік береді.
— Литий, никель, кобальт және тантал импорты Сеулге ауадай қажет. Бұл шикізаттардың жартылай өткізгіштер индустриясы мен энергетика саласында маңызы орасан. Осы тұрғыда Қазақстан ресурстық базасын тиімді құрал ретінде пайдалануы қажет. Тек кен экспорттауға негізделген модельден бас тартып, технология трансфері, терең өңдеуді Қазақстанда жетілдірген жөн, — деп түсіндіреді сарапшы.
Капитал күші
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сеулге жасаған мемлекеттік сапарының өзегі технология мен білім бағытын тоғыстырды. Сапар аясындағы өнеркәсіптік жобалар мен сирек металдар мәселесі қаралғанын білеміз. Соның ішінде KAIST филиалының ашылуы, «Алатау» кампусының құрылысы секілді білім беру бастамаларын атауға болады.
Қазақстан шетелдік капитал көлемін арттыруды місе тұтпайды, біз үшін ұзақ мерзімді нәтиже керек. Егер озық технологиялармен жұмыс істей алатын әлеует қалыптастыра алсақ, маман даярлау мен өндірісті жергіліктендіру жеңіл болмақ. Сондықтан Сеулге сапар білім беру бағытын өнеркәсіп саясатының маңызды элементіне айналдырды деп атауға негіз бар.
— Гуманитарлық салада әлеует мол. Өйткені Қазақстан жастарының Кореяға деген қызығушылығы орасан. 2014 жылы визасыз режим енгізілгеннен кейін Кореяда заңсыз жұмыс істейтін отандастардың саны 359 еді. 2019 жылға қарай статистика 12 мың адамды көрсетті. Қазақстанның Кореяның еңбек миграциясына арналған EPS бағдарламасына қосылуы көлеңкелі ағынды заңды арнаға бұрып, еңбек мигранттарына құқығы мен сақтандыру жайын біржола шешеді деп ойлаймын.
Бұл, сірә, сапардың гуманитарлық тұрғыдағы ең маңызды нәтижесі. Дегенмен бағдарлама бойынша алғашқы жұмысшылар Кореяға тек 2028 жылы бара бастайды, — деп атап өтті Серік Белгібаев.
Ғалымның айтуынша, гуманитарлық салада тіл үйрету бағдарламаларын, академиялық алмасуларды және мәдени бастамаларды одан әрі кеңейту керек болып тұр. Бұған Корея тарапы да дайын.
«Орталық Азия — Корея» форматы: әріптестіктің өңірлік өлшемі
Өнеркәсіп, инновация, білім беру тақырыптары алғашқы «Орталық Азия — Корея Республикасы» саммитінің басты мазмұнына ие болды. Саммитте Мемлекет басшысы Өнеркәсіптік және технологиялық даму әріптестігін іске қосуға бастамашы болды. Мұндай қадам технология трансфері мен сыртқы нарыққа шығуды жеңілдететіні түсінікті.
— Орталық Азия мен Корея арасындағы ынтымақтастық форматының келешегін барынша оң бағалауға болады. Мұнда көптеген факторды ескеру қажет. Олардың қатарында тарихи негіз, бұрынғы тәжірибе, жаңа жобалар, қалыптасқан құқықтық база маңызы жоғары. Ең бастысы — өзара мүдде қалыптасқан: Корея сенімді ресурстар эспорты мен жаңа нарықтарға мүдделі болса, Орталық Азия елдері инвестицияға, технологиялар мен инфрақұрылымға мұқтаж. Алайда бұл форматтың тұрақты дамуы үшін кездесулерді тұрақты түрде өткізу, нақты қаржыландыру көздерін айқындау және жобалардың іске асырылуын бақылаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру қажет, — деп атап өтті Азамат Байғалиев.
Серік Белгібаев атап өткендей, Кореяның Орталық Азиямен ынтымақтастығы түрлі кезеңнен өтті.
— Кореяның Еуразиялық бағыттағы саясатына тән бір ерекшелік бар: әрбір жаңа президент атауын өзгерткенімен, мазмұндық тұрғыдағы өзгерістер баяу жүреді. Кореяның артықшылығы да осында: ол геосаяси шарттар қоймайтын серіктес, — дейді сарапшы.
Сарапшы Олжас Темірқұловтың пайымдауынша, дәл осындай қысымсыз, бірақ нақты экономикаға бағытталған функционалдық инвестициялар өңірлік элиталар үшін тиімді. Сарапшының болжамынша, алдағы 1–2 жылда «Орталық Азия — Корея Республикасы» форматы нақты көрсеткіштермен айқындала бастайды. Атап айтқанда, стратегиялық маңызы бар металдар саласында міндетті офтейк-келісімшарттарға қол қойылуы мүмкін. Тіпті Doosan Enerbility, KEPCO секілді ірі корей компанияларының энергетикалық және логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына қатысуы ықтимал. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған автозауыттардың айналасында шағын және орта сервистік өндірістер пулын қалыптастыруы ғажап емес.
— Бұл өзгеріс нақты секторға да әсер етіп отыр. Өнеркәсіптік кооперация автокомпоненттерді жергіліктендіру, бөлшек тораптық өндіріс (CKD) және ілеспе инженерлік кластерлер құруға қарай бет бұруда.
Сонымен қатар «K-Silk Road» бастамасы аясында «Корея — Орталық Азия» көпжақты форматы өңірлік тепе-теңдікке елеулі өзгерістер енгізіп отыр. Қытайдың экономикалық ықпалы мен Ресейдің әскери-саяси ықпалы арасындағы тепе-теңдік қалыптаспақ, — деп түсіндіреді Олжас Темірқұлов.
Осылайша, Президент сапары екіжақты бастамаларға дем беріп, өңірлік ынтымақтастықтың жаңа сапасын айқындады. Ең бастысы, техникалық стандарттарды үйлестіру, сауда рәсімдерін жеңілдету мәселелері атаусыз қалмағанын айта кету керек. Бұл кореялық инвестицияны ынталандырудың төте жол әрі Қазақстанның аймақтағы өндірістік, көлік және технологиялық орталық ретіндегі рөлін нығайта түспек.