***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бүгінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында 36 мыңнан астам кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болған. 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл жөнінде кеше Үкімет отырысында айтылды. Кешегі отырыста сондай-ақ, ана мен бала өлімін азайту жайы да талқыланды. Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық режімдегі Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асырылу жайы талқыланған болатын. Отырысты ашып берген С.Ахметов «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын қаржыландыру, оның тетіктері мен құралдарын одан әрі жетілдіру мәселелерінің маңыздылығына тоқтала келе, кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететін аталмыш бағдарлама Мемлекет басшысының айрықша назарында отырғанын атап өтті. Одан әрі бағдарламаның орындалу барысы жайында Өңірлік даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады. Қ.Өскенбаевтың айтуынша, экономикадағы әрбір 5-жаңа жұмыс орны бағдарлама шеңберінде құрылған. Индустрияландыру картасының әрбір 4-жобасы бағдарлама қолдауына ие болып, оның үлесі шағын және орта бизнеске бөлінген барлық несиелердің 11,6 пайызын құраған. Сондай-ақ, 56 млрд. теңге салық төленіп отыр. Бұл мақала «Міндеттер межесі қалай еңсерілуде?» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның жазуынша, қаламен қанаттас қоныстанған Мұнайлы ауданында мектеп жетіспеушілігі салдарынан 7000-нан астам оқушының автобустарға үйме-жүйме тиеліп Ақтауға тасымалданатыны, ондағы орын алатын келеңсіздіктер, аудандағы мектептер ахуалы туралы «Автобуста өтіп жатқан оқушылық ғұмыр» тақырыбында жазған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы наурыздың 6-сындағы санында жарық көрген болатын. Енді Мұнайлы ауданындағы мектепке қатысты мұң біраз сейіледі деуге болады. 2011-2012 жылдары тек жаңа бір мектепке ғана қол жеткізген ауданда биыл төрт мектеп есік ашқалы тұр. Оның үшеуі жаңадан ашылса, біреуі ескі мектеп ғимаратын сыйымдылығы жағынан едәуір үлкендікке ие жаңамен ауыстыру арқылы жүзеге аспақ.
«Жер қойнауын пайдаланушылар есебінен Маңғыстау-4 тұрғын үй массивінде 1200 орындық, республикалық және жергілікті бюджет қаржысына Маңғыстау-5 массиві мен Баянды, Басқұдық селоларында әрқайсысы 960 орындық мектептер биылғы оқу жылынан бастап пайдалануға берілмек. Тағы бір жаңалық, төрт мектептің ашылуы аудандағы үш ауысыммен оқыту үрдісін жоятындығы. Ал, тасымал түбегейлі тоқтамағанмен, жартылай еңсерілетіндігі қуантады», делінген «Мұнайлыда мектепке қатысты мұң сейілді» атты мақалада.
***
«Жыл сайын, жаңа оқу жылының алдында ұстаздар қауымының бас қосып, алқалы жиын өткізетін дәріпті дәстүрі бар. Осы орайда кеше бас қаламыздағы «Конгресс-Холл» сарайында «Сапалы білім мен тәрбие беру - Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы» деген тақырыппен, педагог қызметкерлердің дәстүрлі тамыз жиналысы өтті. Осы күні сондай-ақ елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов астаналық 11 ұстазға пәтер кілтін табыс етті. Бұған қоса, Білім және ғылым министрлігі мұғалімдерді 6 төсбелгімен марапаттады. Оның ішінде үшеуі - Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдар»,-деп жазады «Айқын» басылымы «Тасмағамбетов тілдің түйіткілін сөз етті» атты мақалада. Астана басшысы Иманғали Тасмағамбетов жиын кезінде қазақ тілін оқыту және үйрету ісін дамытуға қатысты «шағын дәріс» айтты. Өз ойларын, көңілге түйгендерін ашық ортаға салған Иманғали Нұрғалиұлының біраз тұжырымдары мен ұсынымдары тек астаналық қана емес, еліміздің барлық жеріндегі қазақ тілі мұғалімдеріне кәдеге жарар еді.
- Маған бір адам француз тілін оқыту бойынша бірінші сабақтан алған әсерімен бөліскені бар,-деді Иманғали Нұрғалиұлы.-Бірінші сабақта мұғалім не әліпби, не грамматика туралы мүлдем сөз етпеген, оның орнына ол 2 сағат бойы Франция туралы ұлтжандылықпен, майын тамыза әңгімелеген. Осыдан кейін тіпті сырттай бақылаушының да сол мезетте осы тілді үйренуге кірісіп кетуге көңілі құлары анық. Ал бізде ше? Қазақ тілінің кез келген оқулығын алыңызшы! Сізде бірден шектен тыс шаблон-қалыпшылдыққа салынудың бейнесі мен қабылдаудың қиындығы сезімі туындайды,-деген ол осыдан кейін тілді үйренуге деген құлық түгіл, құштарлықтық құритындығын жасырмады.
Осы басылымда «Астық экспортының әлеуетін шектеу кімге тиімді?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Өткен жылы Ресей құрғақшылыққа байланысты бидай, ұн, арпа, жүгері секілді азық-түлік тауарларының экспортына уақытша тыйым салған еді. Бұл шара халықаралық биржадағы аталған тауарлардың бағасын бірден шарықтатып жіберді. Ондағы бидайдың құны бірер айдың ішінде 68 пайызға қымбаттап шыға келген. Оған Украинаның кеденіне жаңа жүйе енгізуінің салдарынан сыртқа тасымалданып бара жатқан астықтың орта жолда көп тұрып қалуы да ықпал етті. Бұл өз кезегінде халықаралық нарықтағы тұтынушылардың, сондай-ақ Бүкіләлемдік банктің де қобалжуын туғызған еді. Қазақ жағы «Бізге Ресейдегі жағдай ықпал етпейді, біз астық экспортына шектеу қоймаймыз» деп, көрші елдің өтінішіне ден қоймай келген еді. Ал биыл болса, астық экспортын шектеп отырғандардың бар екені биыл белгілі болып қалды. Мәселен, Өзбекстанға сатылатын ұнның акциз салығы қолдан ұлғайтылған. Алғашқыда 10 пайызға, кейін 15 пайызға дейін көтерілген. Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрi Әсет Исекешев бұл қисынсыз, қолдан қымбаттату екенін айтады.
- Акциз қымбатшылығы өткен жылдың күз мезгілінде де талқыланған. Өзбек тарапы ұнның сатылу көлемі күрт төмендеген жағдайда келіссөз жүргізіп, аталмыш мәселені шешуге даяр екендіктерін жеткізді, - дейді министр Әсет Исекешев. Естеріңізде болса, Астық өңдеу одағының президенті Евгений Кан өткен аптада «Биыл өткен үкіметаралық комиссия отырысында маған өзбек тарапынан мұндай келісім жасалмағанын айтқан болатын» деген болатын. FAS USDA сарапшылары «биылғы жылы қазақстандық бидай экспорты 6 миллион тоннадан аспайды» десе, ауылшаруашылығы министрлігінің есебінде - орта есеппен 6,1 млн тоннаның мөлшерінде деп көрсетілген. Америкалық сарапшылар келтірген негізгі факторға сүйенсек, қазақстандық бидай экспортында өзбектердің ғана емес, ресейлік сатып алушылардың үлесі азаюы мүмкін. Себебі биыл Ресейде астық экспорты 7,3 млн. тоннадан - 18 млн. тоннаға дейін жетеді деп болжануда. Осыған орай, сарапшылар алдағы экспорттық маусымда қазақстандық бидайға РФ өзінің жақсы логистикалық инфрақұрылымының арқасында бәсекелес бола алады дегенді айтады. Ал Ресей сарапшылары болса, биыл елдегі жалпы егіншілік түсімі 98 млн. тоннаға жетіп (58,5 млн. тоннасы бидай), өткен жылғы көрсеткіштен 38 пайызға артық шығады деп отыр.