Биылғы жылы біздің астықтың экспорты 14 млн. тоннаны құрайды деген де болжам жасалып үлгерілді.
Атап айтқанда, өткен жылдағы егін орағы науқанынан кейінгі көрсеткіштер отандық ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер мен биліктегілерді айтарлықтай таңғалдырды. Алайда, рекордтық астық шығымы мен экспорт көлемінің артуы Қазақстанның табыстылығын көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар саладағы елеулі проблемалардың бетін ашып берді. Бүгінде көліктік логистика мен порттардың өткізу қабілеттілігінің жеткіліксіздігі байқалуда. Осы саладағы ең маңызды мақсаттардың бірі қазіргі кезде экспорттық бағыттар бойынша порттардың қуаттылығын дамыту. Осыдан үш жыл бұрын осы жайындағы мәселелер қарастырылған болатын. Экспорттық әлеуетті іске асыру аясында Ресей арқылы темір жол көлігімен экспортқа тасымалдау бойынша қызмет арзандатылды. Бұл шараларға мемлекет бюджеттен 5 млрд. теңге бөліп, осының арқасында сол жылы 1,667 мың тонна астық сатылды.
Ал 2010 жылы Үкімет Қытай бағытына осы тектес шараға тиісті шешімді қабылдап, 1,7 млн. тонна астықты экспорттауға көмегі тиді. Өткен жылы да осы тәжірибені іске асырудың нәтижесінде 833 мың тонна астық саудаланды. Бұндай шаралардың арқасында Қазақстан үшін оңтайлы экономикалық нәтиже болғаны сөзсіз. Енді биыл да мемлекет осы мақсаттарға қаржы бөлуді жоспарлап отыр, сондай-ақ оның көлемі екі есеге артық, яғни 10 млрд. теңге мөлшерінде болмақ.
Мәселен, астық экспортының артуына астық терминалдарының үлесі зор. Қазіргі кезде ондағы жабдықтар алдыңғы қатарлы техникамен жасақталып отыр. Бұл өз кезегінде «ҚазАгро» ҰХ» АҚ-ның еншілес ұйымы болып табылатын «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның терминалдарына кідіріссіз тәулік бойы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
2006 жылы Баку астық терминалының іргетасы қаланған болатын. Аталған терминал Қазақстан мен Әзербайжанның достастығының жемісі деп айтсақ қателеспейміз. Баку астық терминалының акциялары «50-де 50» үлесімен қазақстандық «Ақ Бидай-Терминалы» АҚ мен әзербайжандық «Планета Л» компанияларына тиесілі. Бұл терминал Әзербайжанмен қатар Грузияны, Түркияны және Африканың солтүстігіндегі елдерді астық дақылдарымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Оның 1 жылда астық өткізу қуаттылығы 600 мың тонна, сондай-ақ ол бір мезетте 22,5 мың тонна көлеміндегі астықты сақтай алады.
Баку терминалы жұмыс істей бастағаннан кейінгі үш жылдан соң ол жерде тәулігіне өнімділігі 150 тоннаны құрайтын диірмендік кешен пайда болды. Атап айтқанда, бүгінде астық терминалы Францияның, Бельгияның және Испанияның танымал еуропалық заманауи жабдықтарымен жұмыс істеп жатыр.
Терминалдың көліктік коммуникацияларының жүк тиеу қуаттылығы сағатына 250-300 тоннаға жетеді. Бұл өз кезегінде теңіз кемелерінен астықты қабылдап, бір тәулікте темір жол вагондарына 2 мың тоннаға дейін астық тиеуге мүмкіндік береді.
Иран, Түркия, Албания, Кипр, Италия, Грузия және Әзербайжанға астық Ақтаудағы Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан Ақ Бидай-Терминалының арқасында жеткізілуде. Естеріңізде болса, 2005 жылы Азық-түлік корпорациясы Ақтауда астық терминалын салу жобасына кіріскен еді. Бұл жоба «Каспий және Қара теңіздерде қазақстандық астық экспортының инфрақұрылымын дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру аясында құрылған алғашқы нысандардың бірі болып табылады.
Терминал құрылысының негізгі мақсаты Әзербайжан және жақын орналасқан елдерге қазақстандық астық экспортын тұрақтандыру мен кеңейтуге база құруға байланыстырылды. Сонымен қатар бұл терминал Ақтау-Баку-Поти көліктік дәлізінің құрамдас бөлігі. Қазіргі кезеңде Ақтау-Баку порттарын үйлестіру шаралары қазақстандық астықтың ұстанымын Әзербайжан және шектес орналасқан Грузия мен Түркияның нарықтарында нығайта түспек. Алайда, оның бағыты сонымен қатар Иранға да негізделмек.
Тек 6 жылдың ішінде (2005-2011 жылдары) терминал арқылы 1,9 млн. тонна астық өткізілген көрінеді. Мәселен, ондағы жыл сайынға көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, 2005 жылы - 36,2 мың тонна, 2006 жылы -125,9 мың тонна, 2007 жылы - 180 мың тонна, 2008 жылы - 260,4 мың тонна, 2009 жылы - 557,5 мың тонна, 2010 жылы - 403,8 мың тонна, 2011 жылы - 307 мың тонна, сондай-ақ 2012 жылы - 500 мың тонна өткізілді. Бүгінде Ақ Бидай-Терминалының 100 пайыз акционері Азық-түлік келісімшарт корпорациясы болып табылады.
Соңғы жылдары Қазақстан астық өндіруді және оның экспортық көлемін қарқынды түрде арттырып келеді. Атап айтқанда, 14-22 млн. тонна аралығында бидай өндіру деңгейінде және оның ішінде 7-8 млн. тоннасын ел ішінде тұтыну көлемін ескергенде, Қазақстан 7-ден 12 млн. тоннаға дейін жоғары сапалы бидайды экспорттауға қауқарлы. Айта кетейік, Ақтау портында қазіргі қолданыстағы астық терминалын 1 млн. тоннаға дейін кеңейту мүмкіндігі зерделеніп жатыр. Бұл өз кезегінде экспорттық әлеуетті арттыруға үлес қосатыны анық.
Бұдан бөлек, 5 жыл бұрын Қазақстан мен Иранның күш-жігері арқылы АмирабадГрейн Терминал Киш салынған болатын. Оның акцияларын «БехдизТеджератАльборз» жауапкершілігі шектеулі қоғамы мен «Ақ Бидай-Терминал» АҚ тең бөлісіп отыр.
Бүгінде Қазақстан Иранға жыл сайын аталған терминал арқылы 700 мың тоннаға дейін астық жеткізу мақсатын белгіледі. Оның өнімділік қуаты сағатына 500 тонна астыққа дейін жетеді. Ақ Бидай-Терминалы теңіз кемелерінен астықты қабылдап, тәулігіне темір жол және автомобиль көліктеріне 4 мың тоннаға дейін тиеп, жөнелту мүмкіндігі бар.
Жалпы «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» бүгінде астық экспортының әлеуеті мен болашағы Каспий бағытынан қауқарлы болады деп меңзеп отыр.
Сондықтан да Горганда (Түрікменстан мен Иран шекарасы) темір жол астық терминалының құрылысы қолға алынуда. Осы арқылы ирандық нарыққа экспортты арттырудың мүмкіндігі зор болмақ. Бұдан басқа Ақтау портында қолданыстағы астық терминалының мүмкіндігін 1 млн. тоннаға дейін жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Сонымен, аталған терминалдардың толассыз жұмысының арқасында бүгінде Қазақстан әлемдік нарықтарға астықты саудалауды жүзеге асыруда. Бұнымен қоса тағы да жаңа элеваторлар мен терминалдардың құрылысы еліміздің астық экспорты көлемін арттыра түсетіні хақ.