Бұл - түркітану әлеміндегі ғылыми зерттеу жұмыстарын ортақ құндылықтарды бірізденген мүмкіндіктер мен үйлесімді үдерістерге тартудағы алғашқы қадам. Осыдан былай бірыңғай транскрипцияға түскен түркілік жазба туындылар әлемдік ауқымда әр алуан зерделеушілер үшін қолайлы болмақ. Бұл үрдіс басқа да түркілік туындылар мен құндылықтарды зерттеу жұмысын ортақ ғылыми үдеріске айналдыруға жол ашатыны сөзсіз.
«Асыл мұра» антологиясына жалпыадамзат өркениетінде өзіндік орны бар түркі халықтарына тиесілі жазба ескерткіштер мен түркі халықтары тарихындағы ұлы тұлғалардың еңбектерін қамтитын ҮІІІ-ХҮ ғасырларда хатқа түскен ортақ мұралардан, дербес тілдік белгілері айқын ХҮІ-ХҮІІІ ғасыр түркі жәдігерлерінен және қазіргі түркі әдебиетінің классикалық шығармаларынан үзінділер іріктелді.
Көпшілікке ұсынылып отырған антологиялық жинақ «Асыл мұра» - «Түркі антологиясы» сериясының алғашқы қарлығашы. Антологияда түркі халықтарының маңызды да көлемді тарихи ескерткіштері, кесек туындылары мен түркі әлемінің көрнекті тұлғаларының шығармалары тарихи дәуірлер бойынша жинақталған.
Антология «Көне түркі жазба мұралары», «Түркі дастандары», «Орта ғасыр» және «Жаңа дәуір» деген бөлімдерден тұрады.
Антологияға түркі халықтарына тиесілі жазба ескерткіштер мен түркі халықтары тарихындағы ұлы тұлғалардың еңбектерін қамтитын VІІІ-ХVІ ғасырларда хатқа түскен ортақ мұралардан- Күлтегін (VIII ғ.), Тоникук (VIII ғ.), Білге қаған (VIII ғ.) ескерткіштерінен, «Қорқыт ата кітабынан» (VIII ғ.), түркілердің асыл мұрасы - қырғыз эпосы «Манастан»; Әбу Насыр әл-Фарабидің (ІХ-Х ғғ.) «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері» трактатынан, Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» дастанынан (ХІ ғ.), Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ит-түрк» сөздігінен (ХІ ғ.), Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикметінен» (ХІІ ғ.), Ахмет Йүгінекидің «Хибатул хақаик» кітабынан (ХІІ ғ.), Низами Гәнжауидің шығармаларынан (ХІІ-ХІІІ ғғ.), «Кодекс куманикус» ескерткішінен (ХІІІ ғ.), Қажы Бекташ Уәлидің (ХІІІ ғ.), Юнус Эмренің (1238-1321 жж.) шығармаларынан, Рабғузидің «Қисса-с-ул анбийа» еңбегінен (ХІV ғ.), Хорезмидің «Мұхаббат-наме» дастанынан (ХІV ғ.), Сайф Сараидің «Гүлістан бит-түрки» аударма дастанынан (ХІV ғ.), Әлішер Науаи (1441-1501 жж.) шығармаларынан; дербес тілдік белгілері айқын ХVІ-ХVІІ ғасыр жәдігерлерінен - Махмуд ибн Әлидің «Нахдж ул-фарадисынан» (ХVІ ғ.), Физули Сүлейман Бағдади (ХVІ ғ.) өлеңдерінен, Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдың (1483-1530 жж.) «Бабырнама» шығармасынан, Қадырғали Жалаиридің «Жамиат тауарих» (ХVІІ ғ.) жылнамасынан; қазіргі түркі әдебиетінің көшбасшылары (ХІХ-ХХ ғғ.) - қазақ әдебиетінің өкілі Абай Құнанбайұлының (1845-1904 жж.), түрік халқының өкілі Зия Гөкалыптың (1876-1924 жж.), түрікмен әдебиетінің өкілі Молланепес Кадырберды оглының (ХІХ ғ.), өзбек әдебиетінің өкілі Абдурауф Фитраттың (1885-1938 жж.), татар әдебиетінің өкілі Ғабдолла Тоқайдың (1886-1913 жж.), башқұрт әдебиетінің өкілі Ақмолда Мұхамедияровтың (ХІХ ғ.), қырым татарларының өкілі Исмайыл Гаспыралының (1851-1914 жж.), қырғыз халқының ақын-жырауы Тоқтағұл Сатылғановтың (1864-1932 жж.), әзірбайжан әдебиетінің көрнекті өкілі Хусеин Джавидтің (1882-1941 жж.), қазақ халқының бірегей ақыны Мағжан Жұмабаевтың (1893-1938 жж.) шығармаларынан үзінділер топтастырылған.