Ата заң тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қалыптасуының негізін қалыптастырды - Ахметжан Есімов

АЛМАТЫ. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Бүгін Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтың қатысуымен «Ата заң- мемлекеттің демократиялық дамуының негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиын жұмысына аудан әкімдері мен қалалық құрылымдардың басшылары, ЖОО-лардың ректорлары, әлеуметтік және бизнес құрылымдардың, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Шараны қала әкімі ашып, 15 жыл бұрын тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының негізін бекіткен Ата заңның қабылданғанын атап өтті. «Ата заң негізінде елдің ары қарайғы дамуының стратегиялық бағыты анықталды. Демократиялық, құқықтық, әлеуметтік , адам өмірі мен құқығы, бостандығы еркін мемлекет құрылды. Елбасы атап өткендей негізгі заңымыз бұл-жаңа мемлекет, жаңа қоғам, жаңа экономика қалыптастыруға негіз болған берік тұғыр. Тарихи кезең бойынша 15 жыл қысқа мерзім. Алайда біздің еліміз үшін бұл жылдар батыл қадамдар мен тағдырлы шешімдермен айшықталды. Біз өз тарихымызда тұңғыш рет берік мемлекет пен экономика қалыптастырып, халықтың әл-ауқатының көтерілуін қамтамасыз еттік, халықаралық кеңістікте өз орнымызды алдық», деді қала әкімі.