Ата заң - тұтас халықтың ойынан туған, елдің жүрегінен шыққан басты құжат - Еуразия университетінің ректоры Е. Сыдықов

АСТАНА. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Ел өмірінде Қазақстан Республикасы Конституция күні мерекесі ерекше орын алады. Өйткені, сонау 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді.

Содан бері тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң - мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен он жеті жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі - Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді. Осынау Негізгі құжатты қастерлеу, оның қағидаттарына ұқыптылық таныту мақсатында бірқатар ауқымды шаралар өткізу дәстүрге айналғаны белгілі. Сондай шаралардың қатарына кешегі күні Астанада «Конституция - қоғам мен мемлекетті әлеуметтік жаңғыртудың негізі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны жатқызуға болады. Елбасы Н. Назарбаев қатысып, сөз сөйлеген бұл алқалы жиын бүгін елордадағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасын тапты. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісі аталмыш университет ректоры Ерлан Сыдықовпен аз-кем әңгіме құрған болатын.

- Ерлан Бәтташұлы, Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан халықаралық конференция маңызы  туралы айтып өтсеңіз?

- Конституцияның Қазақстан қоғамында алар орны ерекше. Бұл біздің шын мәніндегі мемлекеттілігімізді білдіретін, алаш жұрты арқа сүйейтін Ата заңымыз. Ал бұндай заңды әркім білуге, сол арқылы өзінің құндылықтарын дәріптеуге ұмтылуы тиіс. Кеше Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы сөз сөйлеп ашып кеткен жиынға бүгінгі күні айтулы ғалымдар, Парламент депутаттары мен халықаралық ұйым өкілдері қатысып отырған конференцияның бір мақсаты да осында жатыр. Сонымен қатар, жиын бүгінгі күні Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде, Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде осы екі университет ғалымдарының атсалысуымен өтіп жатыр. Басқосуда Елбасының баяндамасынан туындаған ойлар да ортаға салынады деп отырмын. Бұл ретте ең басты қағида ретінде айтарым  - қазақ халқының тәуелсіздіктен бергі жетістігі, бірлігі мен мығымдығы осынау Конституцияның өзегінен туындап жатыр. Осыдан он жеті жыл бұрын бүкілхалықтық талқылаудан өтіп, жалпы жұртшылық кеңінен қатысқан Конституция референдум арқылы өмірге келді. Яғни, біз Ата заңымызды тұтас халықтың ойынан туған, елдің жүрегінен шыққан Негізгі заң деп білеміз.

- Дегенмен, Ата заң толық жетілген деп айта аламыз ба? Оған өзгерістер енгізілуі мүмкін бе?

-  Бұл сұрақтың жауабын кеше Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өз сөзінде айтып кетті. Президент: «Негізгі Заң - қатып қалған құқықтық реликт емес. Ол тірі механизм, оған қоғам жаңа жағдайларға және қазақстандық социум сапасына сәйкес құқықтық және әлеуметтік инновация енгізілуін қарастыруы қажет. Мен Қазақстанның әлеуметтік заңнамасының кешенді тізімін жасау, сондай-ақ жаңа заңдарды әзірлеу міндетін қойдым. Біз бүгінде мемлекеттік органдардың ақпараттық қоғамның мүмкіндіктерін пайдалану арқылы азаматтармен тығыз байланыс жасау тетіктерін дамытуға ерекше назар аударып отырмыз. XXI ғасырдағы табысты қоғам - заңды сауатты білетін адамдар қоғамы. Заңды сауатты білу негізі, ең алдымен, Конституцияны терең білу. Сондықтан халықты құқықтық мәдениетке тәрбиелеу - әлеуметтік жаңғыртудың маңызды мәселесі», - деді. Расында да, Ата заң қоғамның, экономикамыздың, мемлекетіміздің дамуынан ешқандай да сырт қалмауы шарт. Оның үстіне бүгінгі заман шапшаң өзгерістер, тез болатын құбылыстар заманы екені рас. Ендеше ел дамуының даңғылында, ілгері жылдарға көз жүгірткенде  жаһандық өзгерістер әркез ескерілуі тиіс. Сондықтан да, мен Негізгі Заңды қатып қалған догма-құжат деп санамаймын. Олай болатын болса, біздің заңгер-ғалымдарымызға, білікті мамандарымызға артылған жүк жоғары. Кешеден бергі жүріп жатқан конференцияның бір қыры да сол бағытта жатыр деп ойлаймын.

- Президенттің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелерге де тоқтала кетсеңіз. Бұндай тұжырымдаманың қоғам үшін мәні неде?

- Кешегі сөзінде Мемлекет басшысы ел Конституциясының әлеуметтік әлеуетін толықтай іске асыру жаңғыртудың басты мазмұны саналатынын айтқан еді. Яғни, бір сөзбен айтқанда бүгінгі күні еліміздегі  әлеуметтік жаңғыртудың басты мақсаты - Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын қалыптастыру.

Бұл тұрғыда Нұрсұлтан Әбішұлы еңбек құндылықтарын дәріптеуді, сол арқылы әлеуметтік жаңғыртудың жаңа тұжырымдамасын ұстануды дер уақытында көтеріп отыр деп ойлаймын. Өйткені, тәуелсіздіктен бергі 20 жылда сапалы мемлекет қалыптастырдық, экономиканың дамуы, саяси тұрақтылық үшін қажеттілікті өтейтін заңдар топтамасы қабылданды. Тәуелсіздік тұсында дүниеге келген ұрпақ ер жетті, қоғам да, оның санасы да өсті. Міне, осының барлығын саралай келсек, қоғамды еңбекқорлық арқылы ширату, адал еңбекке бесіктен тәрбиелеу мәселесі көлденең тартылып отыр. Бұл біздің қоғам үшін соншалықты жаңалық та емес.

Алайда бүгінгі заман біздің халқымыздың басқа кездегіден де әлдеқайда еңбекқор, басқа кездегіден де зор қажырлы, басқа кездегіден де бәсекеге қабілетті болуды талап етеді. Біз әлемдік қарқынды дамыған елдер  қатарына ұмтылудамыз. Ал алға қойған биік мақсаттардың түп төркініне тек бәсекелестік, қабілеттілік, сапалы өнімділік  арқылы ғана жетеріміз айқын. Сондықтан да, мемлекет қана емес, оның әрбір азаматы да бәсекеге, бәсекелестік қоғамға лайық болуы тиіс. Сонда ғана біз жаһандық дамудағы өз орнымызды сақтап қала аламыз. Бұндай деңгейде тұрудың бірден бір көзі - еңбек пен еңбекқорлық.  Бір сөзбен айтқанда жалқаулықтан арылатын кез жетті. Мемлекет жұмыс істеймін деушіге әрдайым қолдау көрсетіп, олардың кәсібилігіне жағдай жасайды. Соны оңтайлы ұстана білген жастар ұтады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөз бар. Бұл қазақтың ғана емес, барша қоғамның тұжырымы.

- Әңгімеңізге рақмет!