Бүгін Астанадағы «Қазақ елі» монументінің жанындағы бас алаңда өтіп жатқан Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдығына арналған әскери парадта сөйлеген сөзінде Елбасы - ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
Елбасы осы жылдардың ішінде еліміз бірлігін бекемдегенін, бәтуәлі байламмен тәуелсіздігін тұғырлы еткенін атап көрсетті. «Тұрақтылық пен тұтастықты сақтап дегенімізге жеттік. Біз жүретін жолымыздың жаңылмас жосығы, талғам таңдауымыздың таразысы болған Конституция арқылы іргелі саяси-экономикалық реформаларды іске асырдық. Конституцияның кепілдік етуімен түрлі этнос өкілдерінің уыздай ұйыған ұлысына айналған Қазақстанның өнегесі бүгінде бүкіл әлемге үлгі ретінде ұсынылады», деді Елбасы.
Мемлекет басшысы сонымен қатар Қазақстан осы жылдар ішінде дүниені дүрліктірген небір қиындықтарды еңсергенін атап көрсетті. «Біз қол жетпес қиянда көрінген биік белестерді бағындырдық. Тарлан тарих үшін тым қысқа болып саналатын аз уақыттың ішінде ғасырлық мәні бар ауқымды істер атқардық. Біз Сарыарқаның сайын даласында салтанаты жарасқан, зәулім ғимараттары көкке өрлеген асқақ Астананы салдық», деді Н. Назарбаев.
«Біз жасампаз жарғымен төрт құбыламыз теңеліп, қатарамыздан төрге оздық. Төрткүл дүниеге төрелік етіп, төбе билікке қол создық. Қазақстан биыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Таяуда елімізде осы беделді ұйымға мүше Мемлекет басшыларының басқосу саммиті өтеді. Мұндай мәртебеге қазақ ел бұрын-соңды қол жеткізген емес», деді Елбасы.