«Атаба» ұйымдасқан қылмыстық тобының «Тигренок» деген лақап аты бар белсенді мүшесі ұсталды - ҚР ІІМ

АСТАНА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Өткен аптада ҚР Ішкі істер органдарының қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топтың 5 қатысушысы мен қылмыстық ортаның 3 «беделдісін»  қолға түсірді. Бұл туралы бүгін өткен брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы Қуанышбек Жұманов мәлім етті,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Қ.Жұмановтың атап көрсеткеніндей, ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуге арналған жедел-іздестіру және арнайы іс-шараларды жүргізу барысында Алматы қаласының ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ІІМ Оңтүстік аймақтық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірлесе отырып және «Арлан» арнайы жасағының қатысуымен тамыздың 6-сы күні бұрын бұзақылық, заңсыз қару және есірткі сақтағаны үшін үш рет сотталған,  «Атаба» ұйымдасқан қылмыстық тобының «Тигренок» деген лақап аты барбелсенді мүшесін ұстады.

 «Тінту барысында одан 3,5 грамнан астам героин тәркіленді. Ұсталған уақытта ол есірткіге мас күйінде болды», - деп анықтап өтті баспасөз хатшы.

 Өткен аптада ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша барлығы 17 қылмыстық іс қозғалды.