Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын

АСТАНА. Тамыздың 7-сі. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Елбасы елорданы Есілдің жағасына көшіргенде іштегі, тыстағы ел-жұрт күмәнмен қараған. Ал бүгін Астана «аспаннан түсе қалғандай» айтулы шаһарға айналды.

Президент көп ұзатпай барлық деңгейдегi атқарушы билiк өкiлдерiне өздерiне тиiстi аймақтарды барынша көгалдандыруға тапсырма берген. «Бiздiң елiмiздiң, жерiмiздiң көркiн арттыру үшiн орман егуiмiз керек. Жерiмiз көп, даламыз кең болғанымен, дүниедегi жалпы ауқымына шаққанда орманы ең аз ел - бiзбiз. Басқа мемлекеттерде бiр ағашты кессе, екi ағаш отырғызады. Қазiр заң бойынша бiз оны қабылдадық. Елге орманды көп егетiн болсақ, халықтың денсаулығына, ауаның тазалығына, тек өз елiмiздiң ғана емес, күллi дүние жүзiнiң экологиясын жақсартуға қосқан үлесiмiз болып саналады»,- деген болатын сол кезде Нұрсұлтан Әбiшұлы.

Жер шарының көлемі - 510 миллион шаршы шақырым. Сол алыптың 2 миллион 717,3 шаршы шақырымы қазақ елінің иелігінде. Жердің жүзін желегімен желпіп тұрған 38 миллион шаршы шақырым орманның небәрі 0,3 пайызы ғана бiздiң еншiмiзге бұйырыпты. Демек, бұл - Қазақстан жерiнiң бар-жоғы 4,6 пайызы ғана орманды алқап деген сөз.

Мамандар Жер Шарында бір адамға шаққанда, орман аумағы, шамамен, 0,8 гектардан келетінін есептеп шығарған. Тал-дарағы аз деп саналатын қазақ елінің әр тұрғынына 0,77 гектардан тиесілі екен. Демек, біздегі өлшем әлемдік орташа көрсеткішке жуық. Сөйте тұра, бұл құс қанатын күйдірген аптапты һәм тұлпардың шашасын шаң қаптырған апайтөс аңызақ аймақ үшін аз, өте аз... Ендеше, ертеңгі ұрпаққа «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!»

... Қысы - қаһарлы, жазы аптап Астанада қарашада түскен қар сірескен күйі жүзі жылымастан, кемі жүз отыз күн жатады. Алты ай қыстың аттай екі жүз қырық бес күні - ақ қар, көк мұз. Қаңтарда ақшұнақ аязға қосылып, солтүстік шығыстан соғатын ат құлағы көрінбейтін ақтүтек бораны тағы бар. Сақылдаған сары аязы «шидем мен тон қабаттап киген малшыны бет қарауға шыдатпай, теріс айналтады». Қыстың күні орташа температура -170С. Кей жылы -520С-қа дейін төмендейді. Наурыз айындағы үскірік жел секундына 5 метр жылдамдықпен соғатын кезі көп.

Жазы қысқа болғанымен, шындаса 35 градусқа бір-ақ көтеріледі. Шілде айының орташа температурасы 20-240С. Оған аңызақ жел қабаттасатынын айтыңыз. Астананың желі тамыз айында секундына 4 метр «жүгіреді». Одан қатты соққанда жылдамдығы секундына 15 метрге жетеді. Екпіні осындай қатты жел бір жылда орта есеппен алғанда, 40 күн соғады. Тіпті кей жылы 360 күннің 87 күнінде жел бораған. Елордамыздың жиырма жылда бір рет секундына 36 метр жылдамдықпен жел тұратын «тік мінезі» тағы бар.

Ауасы құрғақ, аңызақ желді аймақтың суы, соған сай, нуы да кем. Жылына 200-300 мм ылғал түседі. Қалыпты норма - 700-800 мм. Өзен-көлі де аз. Ең ірі өзені - Есіл, Нұра және Теңіз, Қарасор, Қорғалжын, Балықтыкөл мен Қыпшақ көлдері. Осыған қарамастан, Жазда 350С, 400С, ал, қыста -400С, -520С, яғни аралық температура 70-750С. Сортаңға өскен ағаштың тамыры тұзға жеткенде суалып, қурап қалады. Ал жетілгенінің діңі жіп-жіңішке, қатып-семіп, әйтеуір жапырақ жаяды. Бірақ осындай климаты қатал аймақта айналасы он шақты жылда 11 миллион тал мен бұта тектес ағаштар отырғызылып, жайқалып тұр.

Әу баста, Есілдің жағасын ендей қонған елорданың айналасын ну тоғайға айналдыру қолға алынғанда қаланың маңы ен жазық болатын. Мамандар 114 мың гектар жердi зерттеп, соның 62 мыңы ағаш егуге жарамды деп қорытынды жасады. Содан берi «Жасыл аймақ» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорыны жыл сайын бес мың гектарға көшеттер отырғызып келедi. Ғылыми зерттеулер бойынша, 65-70 пайызы жерсiнiп кетеді. 2005 жылы қала маңындағы санитарлық-қорғаныс көгалды аймақты күтіп-баптау мақсатында қала әкімдігіне қарасты «Астана орманы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны арнайы құрылды.

Елiмiздегi ағашты аймақты бiр пайызға көбейту үшiн кемiнде 2 миллион гектар жерге тал егу қажет болады. Бүгінде Қазақстандағы орман алқабы 0, 1143 миллион шаршы шақырым болса, бұдан былай оған Астананың жас орманы алып жатқан алап қосылатын болады.

Қазiр «жасыл белдеудiң» солтүстiк шенi Шортанды бағытындағы тоғайлармен қосылып, тұтасып үлгердi. Басқа бағыттар да бiртiндеп iргелерiн кеңейтiп барады. 2020-шы жылға дейiн қаланың қарауына берiлген тоғайлардан тыс, Астананы айналдыра 75-80 мың гектар жерге ағаш отырғызылады. Гектарына шамамен мың көшет егiледі. Сөйтіп,  қаланы қоршай желкілдеп тұрған тал-дарақтар көп ұзамай ну орманға айналатын түрі бар. Тұқымы желмен шашылып, желегiн жайып үлгерген ағаштардың саясын балаң өскiндер паналап, «жасыл аймақ» қазiрдiң өзiнде бiртiндеп табиғи орманға айнала бастады. Әрi ол Астанадан елiмiздiң барлық бағыттарына бастайтын жолдарды жағалай егiлiп, ағаштың өсуiне неғұрлым қолайлырақ тұстарды қуалап созыла бередi.

Қала шетіндегі Ильинка кентіндегі бұдан төрт жыл бұрынғы қараусыз қалған машина-трактор жөндеу шеберханасы «Астана орманы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына берілген. Ұсынақты қолға өткен соң, жып-жинақы мекемеге айналды. Машина-трактор шеберханаларындағы орманды күтіп-баптауға арналған қысқы-жазғы техникалар сақадай-сай тізіліп тұр. Кәсіпорын директоры Жарқын Жұмағұлов -Екатеринбург орман-техникалық академиясының түлегі. Нағыз өз кәсібінің маманы.

Ж. Жұмағұлов басқарған ұжым жұмысын жүйелі жүргізіп келеді. Бүгінде елорда шетін ен тоғайға айналдыра бастаған «Астана орманына» қарасты 15 723,4 гектар аумақ бар. Оның 10 723 гектары - орманды алқап. Өңгесі - жол және су қоймасы мен орманды күтіп-баптауға арналған, өртке қарсы шаралар атқарылатын һәм қар тоқтататын аумақ. Келесі жылы 860 гектар тағы қосылады.  

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасына сай құрылған «Жасыл аймақтың» аумағы 50 мың гектар. Оның 16 584 гектары Астана қаласының шет аймақтарына тиесілі. Алдағы уақытта одан әрі кеңейтілмек. Президент «Жасыл белдеудің» Ақмола орманына жалғасуын міндеттеді. Бүгінде белдеуде тал-дарақтың 25 түрі өсіп тұр. Ұзын-саны - 11 миллион дана. «Жасыл аймақтан» қабылдап алған ағаштарды күтіп-баптаумен айналысатын біздің мекеме биыл тұңғыш рет 5 мың түп көшет екті. Ағаш отырғызу 2020 жылға дейін жалғасады, -деді ол.

Аумағы - 4140 мың гектар болатын оңтүстік-батыс участогында 4,5 миллионға тарта тал мен бұта тектес ағаш, негізінен  аққайың егілген. Себебі бұл аймақтың топырағы басқа участокқа қарағанда өскін атаулыға жайлы, яғни сортаң тұсы кемдеу. Сондықтан, оған «нәзік болмысты» аққайың сынды ағаштар еккен. Сондай-ақ, оңтүстіктен әкелген ақтерек, көктерек, төбесі шошақ терек отырғызылды. Одан кейінгі көлемі үлкен участоктардың бірі - солтүстік-шығыс учаскесі 1134 гектар жерді алып жатыр. Мұндағы ағаштардың саны 1 миллионға жуық.

Жалпы, «Астана орманы» 11 үлкен участокқа бөлінген. Онда 173 орам бар. Әр орам орта есеппен 15-20 жолаққа бөлінген. Жұмыскерлер талдардың қурап қалған және бір-бірімен шатысып, бей-берекет өскен бұтақтарын қайшымен қырқып тастайды. Біріне-бірі «жағаласып» өскен басқа бұталарды кесіп, «лидер» ағашты, яғни жапырағы мол талды қалдырады. Ағашты күтіп-баптау дегеніміз - осы. Сонда ағаш түп-түзу әрі саялы болып өседі.

Ж. Жұмағұловтың айтуынша, бұл аймақта Кеңес одағы тұсында отырғызылған кейбір ағаштар күтім жасалмағандықтан, жоғары өрлей алмай, жербауырлап, жатаған өседі. Ал теміржол бойына отырғызған ағаштардың көкке өрлеп, шынардай түзу біткені - күтімнің арқасы. Сондай-ақ, ағаштың діңіне құрт түспес үшін түбін ақтап, кескен тұсын майлы бояумен сырлап қояды. «Бұған эмальды бояу жарамайды» дейді мамандар.

Солтүстік-шығыс учаскесінде жұмыс істейтін еңбеккерлер - қала маңы ауылдарының тұрғындары. Олар «екі қолға бір күрек» табылғанына риза. Әрі жалақысы жартымды. Жұмысқа арнаулы автобус алып келіп, алып қайтады.

Ал әуежай трассасы бойында ағаштарды сәнмен қиып, бәрін белгілі бір қалыпқа түсірумен айналысып жатқан арнайы бригаданың өкілдері жұмыс істейді. Араларында көкжасыл орманды қала  - Алматыдан келген Бекарыс Құралбай атты орманшы еңбек етіп жатыр

- Келгеніме 2-3 ай болды. «Астана орманының» атқарған қызметі орасан. Астаналық мамандар сортаң жерге орман өсіруге болатынын дәлелдеді. Енді біздің міндетіміз -соны күтіп-баптау. 2020 жылға дейін жоспарланған жұмыс шегіне жеткен кезде Ақмола аймағы Қазақстандағы және бір жер жәннатына айналып, көкорай шалғынды өлке болады,-деді кәнігі орманшы.

«Астана орманы» аумағында жайқалған қылқан жапырақты қарағай, қайың, ақтерек, көктерек, жылтыр және жай шегіршін, бозшағыл, үйеңкі, бозжиде, сондай-ақ, қынагүл, қазақстандық терек, сібір алмасы, татар үйеңкісі, жіңішке жапырақты және сарқырама тал сияқты әртүрлi ағаштарға қарап «бұрын-соңды мына жер айтақыр еді» деуге қимайсың. Жарқын Жұмағұловтың айтуынша, орманға әртүрлі құс орала бастаған. Әсіресе, мұнда орман-тоғайдың төл құсы көкек шақырып, бұлбұл сайрайды. Жұрт жидек теріп, қалаға апарып сатады. Нағыз орманның заңы! Тіпті Арқаның ақырған аязынан пана болар ағаш сағалап кететiн түз тағылары да көбейе бастады. Елiк, түлкi, қарсақтың жортып жүргенін көргендер бар. Көп ұзамай орқоян, суыр, күзен, бұлғын, тиiн, бұлан қосылады деп отыр. Айтпақшы, орман қалыңдағалы қоян көбейді. Әншейінде қыстың күні нәпақа тауып жеуі қиын еді, орман егілгелі қояндар жас шыбықтардың жұмсақ түбірін кеміріп тастайтын болды. Амал жоқ, қояндарды үркітудің жолын қарастырды. Иісі жағымсыз майды жас талдың түбіне құйса, «қыли көздер» жоламайды екен.

2008 жыл мен 2009 жылдың 4 айында әртүрлі кеміргіштер мен зиянкестерге қарсы 4 630 гектар орманға химиялық өңдеу жүргізді.  Орманды өрттен қорғау, алдын алу және тез сөндіру шаралары дайын. Өртке қарсы шаралар мен өрттің алдын алу үшін атқарылған кезекшілікте осы айтылған мерзім ішінде 3 201 машина/сағат кезекшілік атқарды. Елбасы жыл сайын қала күнінің алдында орманды әуеге көтеріліп, бағасын береді. Ұсыныс-пікірлерін айтады. Соңғы жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы орманның қоюланып келе жатқанына көңілі толып, ризалық танытып келеді. 

... Биыл елордада жаз жаңбырлы. «Жаңбырменен жер көгерер». Жер көгерсе, ер де, ел де, солармен бірге елорда да көгерер...