Жуырда Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Отбасы күніне орай «Отбасы - тіршілік тірегі» атты облыстық байқау ұйымдастырылды. Міне, осы сайыста отбасының шын мәнінде де тіршілік тірегі, елдің жүрегі екенін көрсете білген Бөрлі ауданынан Әбдірахмановтар болды. Өзгелер төрт-бес адамнан сынға түсіп жатса, Әбдірахмановтар (барлығы 15 жан) сахнаға шыққанда, оған сыймай кетті. Сыймайтындай жөні де бар екен.
Шашын қырау шалған отағасы Марат 65-ке толса, зайыбы Клара одан бір жас кіші. Олардың табысуы да қызық. Қаратөбе топырағынан түлеп ұшқан Марат Орал педагогикалық институтының дене шынықтыру факультетінде білім алса, Волгоград облысынан келген Клара, әрине, орыс тілі мен әдебиеті пәнін меңгереді. Орыс жерінде өскен Клара қазақ тілін біле қойған жоқ. Соған қарамастан, екі жасты табыстырған да қос жүректің лүпілі, яғни махаббат. Жалпы, қыздарды батыр десе де болады. Сүйгені үшін өздері мүлде аяқ баспаған қай жерге де баруға дайын. Сондай күйде Клара да қазақылықтың исі аңқыған, бірде-бір өзге ұлт өкілі жоқ Егіндікөл ауылына (Қаратөбе ауданы) топ ете түседі. Бастапқыда қиналғанымен, қамқор ата-ене, ақжүрек ауыл адамдарының арқасында ана тілін де үйреніп кетеді. 1971 жылдың жазында бас қосқан Марат пен Клара 40 жылдан астам өмірін ұстаздық етуге арнады. Әуелі Егіндікөл, кейін Бөрлі ауданының Успен ауылында жемісті еңбек етті. Еңбек етіп қана қоймай, сегіз қыз, екі ұлды елден кем қылмай, өсірді. Күні бүгін жиырмадан астам немере-жиен сүйіп отырған бақытты ата-әжеге айналды. Зейнетке шықтық деп, өз үйінде отыра берсе де болар еді. Жоқ, әуелден көпшіл шаңырақ өнерін ұштап, балаларына дарытты, одан кейінгі кезек немерелерге келді. Отағасының өзі барлық аспапта ойнайды. Көп балалы шаңырақта үнемі домбыра тартылып, ән шырқалатын. Бір күйді үйренгенше, ешкім тыным таппайтын. Соның әсері шығар, балаларының бірқатары өнер жолына түсті. Дегенмен, Марат пен Клараның ұл-қыздары - әр мамандықтың иелері. Үлкен қызы Лиза дүкенші болса, Ақмарал - фармацевт, Балауса - хореограф, Жазира мен Кенжегүл - тәрбиеші, Нәзира - аспаз, Динара - қазақ тілі пәнінің мұғалімі, Дамира - режиссер-актер, ұлы Азамат - жүргізуші, Абаты - Успен ауылдық мәдениет үйінің директоры, келіні Гүлмира - фельдшер. Аталмыш байқауда сахнаға Марат пен Клараның қос немересі, бірі сегіз, бірі алты жастағы Әли мен Әл-Кәусар да шықты. Шығып қана қойған жоқ, ата-әжесімен, әке-шешесімен, аға-апаларымен қосылып, ән салды. Ұлттық өнердің болашағы, міне, осындай кішкентай балғындарда болса керек. Әбдірахмановтар Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім менің» әнін нақышына келтіре, тебірене орындағанда, оған залда қол соқпаған жан қалған жоқ.
Жалпы, сол байқауда Әбдірахмановтар бірінші орын алған отбасыдан сәл-пәл ғана қалып қойды. Мұның да себебі жоқ емес. Әкелер сайысында Маратқа жеребе бойынша кір тасын көтеруге тура келді. Жасы алпыс бестен асса да, қаймықпай сынға түсті, бірақ өзінен әлдеқайда кіші әріптесінен қалып қойды. Басқа сынақ келгенде, сөз жоқ, алға шығатын еді.
Айта кетейік, Әбдірахмановтар қолөнермен де айналысады. Оған театр фойесінде өздері қойған көрме дәлел. Он саусағынан өнері тамған жандар деп, міне, осыны айтса керек.
Жасыратыны жоқ, Кеңес дәуірінде өзге ұлт өкілдері көбірек қоныстанған жерлерде қазақ тіліне, ұлттық тәрбиеге онша мән берілмеді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері арасалмақ өзгерді. Ондай ауылдарға Әбдірахмановтар сынды көп жанды шаңырақтардың көшіп келуі де әсер етпей қойған жоқ. Солардың арқасында ұлттық тіл де, өнер де дамыды деуге болады. Мәселен, қазіргі таңда Успен ауылында мәдени шаралардың қай-қайсысы да Әбдірахмановтар отбасының қатысуымен өтеді.
«Көп нәрсе отбасы тәрбиесіне байланысты. Озық білімге қоса орнықты тәрбие керек. Кейбір жас ата-аналар балаларын тым еркелетеді. «Жақсы оқысаң, телефон алып беремін, қалаларға қыдыртамын» деп уәде береді. Ондай балалар өзімшіл болып өседі. Перзенттерін ата-әжесіне бергісі келмейтіндер де бар. Оларды ескі салтпен тәрбиелейді деп ойлайды. Онысы дұрыс емес. Қариясы бар үйдің қазынасы бар. Өзіміз қалалық жердегі немере-жиендерімізді ауылға жиі-жиі алдыртып, ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз. Өйткені бала ұлттық тәрбиеден ажырамауы тиіс. Қазір не керектің бәрі бар. Елбасы, мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Көбеюге де, дамуға да. Баланың әрқайсысы ертең ел азаматы атануы үшін ең алдымен тәрбие дұрыс болуы керек», дейді Марат Әбдірахманов.