***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Мәжілістегі Үкімет сағатында еліміздегі туризм саласын дамыту перспективалары жайында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндады. «Туризм әлемдік экономикада маңызды рөлге ие. Дүниежүзіндегі әрбір 11-ші жұмыс орны туризм арқылы құрылған. Әлемдік ІЖӨ-де туризмнің үлесі 9,4%-ды құрайды, бұл тиісінше, 6,8 трлн. АҚШ долларын көрсетеді. Туризм - жұмыс орындарын құру, төмен және орта біліктілігі бар қызметкерлерді жұмыспен қамту, экономиканы жан-жақты дамыту деген сөз. Ол әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды қозғалтқышы да болып табылады. Бір ғана мысал келтірейін. Мәселен, қажетті заңнамалық шаралар мен салықтық жеңілдіктердің қабылдануының арқасында Түркияның ІЖӨ-сіне туризмнің қосқан үлесі 10,9 пайызды және 2 млн. жұмыс орнын құраған екен. Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің ішкі жалпы өніміне туризмнің қосқан үлесі - 14,3 пайыз. Бұл елдегі жұмыс орнының саны 383 мың орынды құрайды», деді өз сөзінде Ә.Исекешев. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның туристік индустриясының қарқынды дамуына бірқатар мәселелер кедергі келтіріп отыр екен. Мәселен, бұл саланың өрістеуіне туристік қызмет құнының жоғары болуы, туризм инфрақұрылымының болмауы, көрсетілетін қызмет дәрежесінің төмендігі, виза жүйесі мен көші-қон тәртібінің күрделілігі, сондай-ақ, чартерлік әуе тасымалына қатысты проблемалар қиындық туғызып отырған көрінеді. Осы мәселені арқау еткен мақала «Туристік тартымдылықты арттыру жолында» деген тақырыппен көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Осы басылымда «Атажұртым деген жас өркен» атты мақала жарияланды. Жылда 22-26 маусым аралығында Қазақстанның бір өңірінде (облыста) «Қазақстан - атажұртым, қасиетім - ана тілім» аталатын халықаралық оқушылар олимпиадасы өтіп келе жатқанына биыл он екінші жыл. Бұл не қылған олимпиада? Шет елде тұратын қазақ диаспорасының перзенттеріне арналған пәндік олимпиада. «Тақырыбынан айқұлақтанып тұрғандай басты өлшем - қазақ тілі, тарихы, әдебиеті. Баста дұп-дұрыс ұйымдастырылған әрекет. Обалы не, олимпиада әуелде - ұлтты сүйген азаматтардың ойласып-ақ жасаған жақсы дүниесі. Қазақ келешегіне деген жанашырлық бар»,- деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Бұл жанашырлықтың туу бастауында Н.Ә.Назарбаевтың 1996 жылғы сыртта жүрген қазақ диаспорасы туралы өкімі жатады. Келешекті ойлай берілген өкім еді. 1998 жылы Қазақстан Республикасы үкіметі Президент Н.Ә.Назарбаевтың өкімін жүзеге асыру мақсатында арнайы қаулы алды. Жалпақ қазақ тілімен айтқанда, бұл игі шара кезінде тарыдай шашырап кетіп, елге жете алмай, сағыныштан сартап болып сырттап тіршілік кешіп жүрген бауырларымыздың балаларын жылда жазға салым Қазақстанға шақырып «Қазақстан - атажұртым, қасиетім - ана тілім» аталатын халықаралық олимпиадаға қатыстыру.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Қорғансыз қалған қорғандар» деген мақала жарияланды. Қазақ даласында осы күнге дейін сақталған археологиялық ескерткіштердің көпшілігі біздің ата-бабаларымыз жерленген қорымдар. Қорғандарды қопару оңай дүние емес, аса қажеттілік болмаса алдымыздағы аға ғалымдарымыз бұл іске бармаған. «Соңғы жылдары ата-бабаларымыз жерленген ескі қорымдарды жаппай қазу, біздің ескерткіштеріміздің қадірін білмейтін бөгде этнос өкілдерінің көптеп енуі көне дәуірдің ескерткішіне деген сакральді көзқарасты мүлде өзгертіп жіберген сыңайлы. Археологиялық әуестенушілікпен жүргізілген қазба жұмыстарынан кейін небір тарихи құндылықтарымыз ашық аспан астында ашық-шашық күйінде қашанға дейін жата бермек?» - деп жазады басылым.
***
«Жас қазақ» газетінің соңғы санында « Ел - бүгіншіл, менікі - ертең үшін...» деген тақырыппен белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығаймен арадағы сұхбат басылды. «Құндылықтар өзгеріп жатыр. Ең басты құндылық ақшаға айналды. Бала күнімізде құлағымызға сіңіп өскен ұят, ар, иман деген ізгі қасиеттер ақшаның жолында тапталып қала беретін болды. Оған ешкім таң қалмайды, қалыпты жағдайдай қабылдайды. Қандай жолмен болса да қарпып ақша тауып қалу бірінші орынға шықты. Балаларымызды алдымен соған үйретеміз. Өйткені ақшасыз күн жоқ. Өмірдің мәні ақшамен өлшенеді. Қымбат көлік міну, жақсы тұрмыс құру, виллалар салу, бай жігітке тұрмысқа шығу, болмаса қолында қызметі бар қалталы адамның қызына құда түсу деген сынды ішкі есеп еселеніп өсіп келеді. Барлығымыз дүние-мүліктің құлына айналып бара жатырмыз. Тіпті жігіттеріміздің өзі мігітке айналып, өзіне жайлы, жылы орын іздейтін дәрежеге жетті. Осының барлығы қазақтың салтында, мінезінде бар ма еді? Ер бала бойжеткенге сүйеу болатын. Ал бойжеткен байлығы болмаса да, азаматтың жігіттігіне, мәрттігіне, жомарттығына тоқтайтын. Осы мінездер қайда қазір? Атам заманнан келе жатқан ұлттық мінез-құлқымыздағы ізгі иірімдер жұтаң тартып, материалдық құндылықтарға деген өлермендік сезімінің көлеңкесінде көмескі тартып қалып қойғаны жиі ойлантады»,-дейді Әшірбек Сығай.
***
«Экспресс-К» басылымында «Горе люковое» атты материал берілген. Қарағандыда екі жасар Мария Федотова анасының көзінше тереңдігі төрт метр кәріздік құдыққа түсіп кеткен. Атап айтқанда, құдықтың беті шіріген тақтаймен ғана жабылған көрінеді. Абырой болғанда, құдықтың іші кәріздік суға толы болғандықтан, бала жарақат алмаған. Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылы Теміртауда төрт жастағы бала кәріздік құбырға құлап, ажал құшқан болатын. Осыдан кейін Қарағанды облысының әкімі барлық құдықтарды инспекциялауға тапсырма берген болатын.