«Атырау айшықтары» – Мұнайдан басқа қандай ірі жобалар жүзеге асты

АТЫРАУ. KAZINFORM – 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана Атырау облысының жалпы ішкі өнімі 6,7 триллион теңгеге жеткен. Осылайша мұнайлы астана экономикасы республикадағы жалпы ішкі өнімнің 12,7 пайызын құраған. Президент телерадиокешені қуатты Қазақстанның алтын уығы, дамудың жаңа арнасына түскен Атырау туралы жаңа деректі фильм әзірледі.

Фото: Видеодан алынған кадр

Мұнай-химия технопаркінің мүмкіндіктері

Атырау облысы қара алтын мен көгілдір отынның бірінші өндірістік деңгейінен екінші – өңдеу деңгейіне көтеріле алды. Соның бір айғағы іспетті «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндігі шаш етектен.

– Президент айтқандай, біз мұнай-газ саласындағы шикізаттан кетіп, оны терең өңдеу және жаңа нарыққа шығару бойынша жұмыстануымыз керек. Міне, сол тапсырманы орындау барысында арнайы экономикалық аймақ құрылды. Қазіргі таңда Президенттің жеке араласуыменен шетелдердегі іспарлардағы келіссөздердің арқасында көптеген шетелдік компаниялармен бірлесіп, үлкен жобаларды іске асыруға кірісіп кеттік, – дейді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов.

2022 жылы қараша айында Атырау облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақта «Kazakhstan Petrochemical Industries» газ-химия кешенін іске қосқан еді. Бұл кәсіпорын «Теңіз» кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған. Әлемдік полипропилен өндірісінің 1 пайызы осында шығарылады.

– Бүгінгі таңда КРІ өнімі тек Қазақстан аумағында емес, Қытай, Түркия, Еуропа, алыс-жақын шет мемлекеттерге сатылып отыр. Мысалы 2023 жылы біз 60 пайызға дейін ішкі сұранысты қамтамасыз еттік. КРІ компаниясы екінші өндірістік фазаға өтіп отыр. Мысалы 620 мың тонна газдан бүгінде 500 мың тонна полипропилен шығаратын зауытқа айналып отырмыз. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Былай қарасаң 620 мың тоннан газды әлде өртеп жіберетін едік, әлде шикізат ретінде сатылатын еді. Қазіргі таңда оны өзіміз Қазақстанның аумағында өңдеп, дайын өнімді шетелге экспорттап отырмыз, - дейді жоба басшысы Ерназар Құлназаров.

Мұнай-химия технопаркінде салынып жатқан тағы бір зауыт – Tenizecoservice. Келер жылдың алғашқы айынан бастап мұнда салқындатылған азот, салқындатылған кислород пен газтекті кислород өндірілмек.

– Атырау облысында мұнай өндіру, мұнай саласына қызмет көрсету компаниялары өте көп. Жөндеу жұмыстарындағы қауіпсіздік үшін олардың өндіріс немесе тазалау технологиялық жүйесіне газтекті азот қажет. Сондықтан «Теңізшевройл» сынды алып компанияларға қызмет көрсетеміз, - дейді зауыт директоры Алмат Бимағанбетов.

Зауыттың өзі шағын болғанымен, өндірістік қуаты айтарлықтай. Онда сағатына 600 келі, жылына 8 мың тоннадан аса өнім шығару көзделіп отыр.

Мұнай-газ тасымалдайтын вагондар шығарылады

Ел президенті инвестициялық ахуалды жақсартуды ел экономикасындағы басым бағыттардың бірі ретінде қарастырып келді. Атыраудағы алғашқы вагон құрастыру зауыты – сол саясаттың жемісі.

– Біз қазір инновациялық вагондар шығарып жатырмыз, – деді «Тексол транс» ЖШС бас директоры Борис Зиганшин, – зауыт аумағы бастапқыда 13 мың ш. метр еді. Ал қазір өндірістік цехтардың құрылысы жүріп жатыр. Осылайша, 2027 жылы штат санын 2500 адамға жеткіземіз және 6500 вагон шығаратын боламыз.

Зауыт мұнай мен газ тасымалдауға арналған вагондар мен цистерналар шығарады.

Балық өсіру зауыттары шетелге өнім экспорттайды

Ақ Жайық – елдің ырыздығы болса, атыраулықтардың ата кәсібі – балықшылық. Жайықтың бекіресі де ұлттық брендке айналғалы қашан. Аймақтағы «Амангелді» балық зауыты жүзден аса балық өнімін шығарумен айналысады. Ал Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің жағасында жаңа балық зауыты салынып жатыр.

– Балық сатумен қиындық көреміз деп ойламаймыз, өйткені енді Израильге, Германияға, Молдоваға, Румынияға және ТМД елдеріне балық өнімдерін экспорттап тұрамыз. Бұрын қала мен екі ортаға үлкен көлікпен қатынауға 18-20 сағат кетсе, қазір 5-6 сағатта қалаға тікелей қатынай алады, – дейді «Сев Каспий фиш» ЖШС директоры Саламат Омар.

Балықты өндіріп, тұтыну бар да, оны сақтап, қорғау бар. Бұл тұрғыда Атырау бекіре балық өсіру зауытының бәсі биік. Зауыт бекіренің қортпа, орыс бекіресі, шоқыр, пілмай, сүйрік сынды тұқымын өсіріп отыр.

– Көктемде уылдырық шашуға Жайық өзеніне кіретін бекіре тұқымдас балықтардың аталық-аналықтарын аулап, зауытқа әкеліп, оларды жасанды жолмен ұрықтандырып, үш грамм салмаққа дейін өсіреміз. Сонан кейін табиғи ортаға жібереміз. Зауыттың өндірістік қуаты – жыл сайын 7 миллион шабақ өсіруге жетеді, - деп түсіндірді Атырау бекіре балық өсіру зауытының бас маманы Ж. Өтеулиева.

Сарайшық алғашқы ортағасырлық музейге айналады

Атырау – қойнауы құпияға толы байтақ өлке. Қастерлі өңірдің тарихы Сарайшықпен тамырласып жатыр. Алтын Орданың астанасы болған ортағасырлық қаланың ұлт тарихындағы маңызына биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы арнайы тоқталған болатын.

– Осы жерден шығыс бағытта Үргеніш қаласы орналасқан. Сол жақтан Сарайшыққа келген Ибн Батута атты араб саяхатшысы керемет бір мәлімет қалдырған. Сарайшыққа Сарай қаласынан он күндей жүріп келгенін, бұл жерде Бағдад қаласындағыдай жүзбелі көпірлердің бар екенін айтқан. Қала тұрғындары қайықтарды бір-біріне байланыстырып, үстіне ағаш бөренелерді тастап, Жайықтың үстінен өтетін жүзбелі көпірлер жасаған, – деді «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының аға ғылыми қызметкері Жүніс Байғалиев.

2023 жылы Сарайшықтың даму жоспары бекітілді. Алдағы уақытта шаһар үсті түгел әйнек шатырмен жабылған Қазақстандағы алғашқы ортағасырлық музейге айналады.

Айта кетейік, Президент телерадиокешені түсірген деректі фильмді мына сілтемеден көре аласыздар.