Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сәбидің шетінеу дерегіне қатысты тексеру жүргізу көзделіп отыр.
– Денсаулық сақтау басқармасында сәби өліміне қатысты қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды. Қызметтік тексерудің қорытындысымен тиісті шешім қабылданады, - деп мәлім етті басқарманың баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау ауруханасында 10 айлық сәби көз жұмғанын хабарлаған болатынбыз.
Науқас 6 желтоқсанда сағат 14:51-де аталған аурухананың қабылдау бөліміне түскен. Кезекші дәрігер ауруханаға жатып емделді ұсынғанымен, анасы қолхат жазып, бас тартқан.
Сәби сол күні кешкі сағат 18:10-да ауруханаға ауыр жағдайда қайта жеткізілген. Оның жүрек соғысы бірнеше рет тоқтап, соған байланысты реанимациялық шаралар жүргізілген. Алайда 10 айлық бала 7 желтоқсан күні, сағат 00:20-да көз жұмған.