Атырауда денсаулық жағдайына байланысты 235 адам көлік жүргізу құқығынан айырылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында биыл денсаулық жағдайына байланысты 235 адам сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылды. Қазір тағы ондаған жүргізушіге қатысты материалдар азаматтық соттың қарауында.

Фото: Kazinform

Биыл полиция департаменті 364 атыраулықтың түрлі сырқаты бойынша дәрігерлердің арнайы есебінде тұруына байланысты көлік айдау құқығына баға беру үшін материалдарды сотқа жолдаған. Қазіргі уақытта азаматтық соттар 235 адамды жүргізуші куәлігінен айыру туралы шешім шығарған. Ал 51 азамат денсаулық жағдайының көлік басқаруға кедергі келтірмейтінін медициналық қорытындымен дәлелдеп, жүргізуші құқығын сақтап қалған. Тағы 5 адамға қатысты іс олардың қайтыс болуына байланысты тоқтатылса, қалған материалдар соттың қарауында.

Атырау облыстық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Дәулетовтің айтуынша, прокуратура жылына бір рет полицияға жүргізушілердің денсаулық жағдайына қатысты мәлімет жолдайды. Осыдан кейін талапқа сәйкес келмейтін азаматтарға медициналық қорытындысын ұсыну жөнінде хабарлама жіберіледі.

Егер жүргізуші денсаулық жағдайының көлік басқаруға жарамды екенін растайтын дәрігерлік қорытындыны ұсынбаса, полиция материалдарды азаматтық сотқа жолдайды.

– Қазір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында арнайы дәрігерлер жұмыс істейді. Азаматтар сол жерде медициналық тексеруден өтеді. Тексеру қорытындысы электронды базаға енгізіледі. Біз шешімді сол медициналық қорытынды негізінде қабылдаймыз, – деді Жеңіс Дәулетов.

Ішкі істер министрлігі 2026 жылғы 25 тамыздан бастап Қазақстан Республикасының «Жол жүрісі туралы» заңына енгізілген өзгерістер күшіне енетінін хабарлады.

Ведомство өкілдері әң әуелі 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет міндетті медициналық тексеруден өтуі қажет екенін еске салды.