Тазының иіс сезу, көру және есту қабілеті жақсы дамыған. Алғырлығы мен жүйріктігінің арқасында ол қоян мен түлкіден бастап қасқырға дейін аулап ала алады. Қазақ даласында тазыны аңшылықтағы сенімді серік ретінде қадірлеген.
Атыраулық Әнуар Дүйсәлиев үшін тазы баптау — бала кезінен таныс кәсіп.
— Ата-бабамыз, атам, әкем тазы ұстаған. Ертеректен келе жатқан дәстүр. Одан кейін маған, менен балам Қамбарға, одан немереме жалғасып келеді. 100 жылдық тарихы бар. Ашаршылық кезінде бір тазы бір ауылды асыраған, — дейді Әнуар Дүйсәлиев Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.
Әулет үшін тазы ұстау тек аңшылықпен шектелмейді. Олар иттің күтіміне, денсаулығына және бабына ерекше мән береді.
— Әр заттың бабы керек қой. Атбегі, құсбегі, итбегі бол, әр нәрсеге бап керек. Күшік кезінде, бір жарым айлығында құртын түсіреміз. Екпелері бар, баптаймыз. Дәрумендерін береміз, — дейді тазы баптаушы.
Дүйсәлиевтердің тазылары аңшылық кезінде талай олжаның басын қайырған. Тіпті шибөрі алған кездері де болған. Сондықтан әулет үшін құмайлар саятшылықтағы серік қана емес, отбасының бір мүшесіндей.
Бұл дәстүрдің келесі жалғастырушысы — тоғыз жастағы Әділжан.
— Мен қарғыбауларды тағып үйрендім. Күнде сабақтан келген соң күшіктерді ойнатамын. Тазы иттерімді далаға шығарамын. Тамақтарын беремін, — Әнуар Дүйсәлиевтің немересі.
Әулеттің қырағы құмайларының да өз аттары бар. Тұйғын, Ханшайым, Аңыз, Арлан сынды тазылар Дүйсәлиевтердің күнделікті тіршілігінің бір бөлігіне айналған.
Қазақ тазысының тағы бір ерекшелігі — оның мінезі. Дастархан басын тіміскілеп, ашық тұрған асқа ауыз салмайды. Иесіне адал, адамға себепсіз шаппайды. Осындай қасиеттері үшін қазақ халқы ғасырлар бойы тазысын төрге шығарған.
Бүгінде ұлттық ит тұқымын сақтау мәселесі өзекті. Ал Дүйсәлиевтер әулеті үшін бұл дәстүрді жалғастыру — атадан қалған аманатты кейінгі ұрпаққа жеткізудің бір жолы. Бір ғасыр бойы үзілмеген тазы баптау өнері осылайша әулеттің күнделікті өмірінде жалғасын тауып келеді.
Айта кетейік, бұған дейін, елордада Қазақ тазысы күніне арналған челлендж өтіп жатқанын жазған едік.