Атырауда пара алғаны үшін сотталған Бақытгүл Хаменова тойда көзге түсті

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, экс-депутат Бақытгүл Хаменованың тойға қатысқан сәті әлеуметтік желіде жарияланды. Бейнежазбада оның шенеуніктер мен полиция қызметкерлерінің қатарында, алдыңғы қатарда тұрғаны анық көрінеді. 

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Аталған жағдай қызу талқыланып жатыр.

Еске сала кетейік, Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнату кезінде 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сот шешімімен ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленген.

Атырау облыстық соты бұл жайтқа қатысты үкімнің орындалуына қатысты мән-жайды еске салды.

– Үкімнің орындалуы 3 жыл мерзімге кейінге қалдырылған. Бұл шешім сотталушының асырауындағы екі жас баласының болуына байланысты қабылданды, - деп хабарлады Атырау облыстық соттың баспасөз қызметі.

Еске салсақ, экс-шенеунік Бақытгүл Хаменовамен бірге тергелген басқарма басшысы мен серіктестік директорына қатысты сот үкімі өзгерген.