Атырауда Жайық деңгейінің төмендеуі электр өндірісіне әсер етті

АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырау облысында жыл басынан бері «109» бірыңғай байланыс орталығына электр жарығына қатысты 40 мыңнан астам өтініш түскен. Мамандар мұны бірнеше фактормен байланыстырады: энергетикалық нысандардағы ақаулар, ауа температурасының жоғары болуы және Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі электр өндірісіне әсер еткен.

Фото: meks.zakup.sk.kz

Облыс әкімдігі таратқан ақпаратқа сүйнсек, шағымның көбеюіне жеке инвестициялар есебінен салынған тұрғын үй кешендерінің электр желілеріне өз бетімен қосылуы негізгі себеп. Бұл көбіне апатты жағдайларға әкеп соғады. Тағы бір мәселе «Атырау Жарық» ЖШС диспетчерлік қызметі мен кері байланыс жүйесі жұмысының тиімсіздігінде байланысты.

— Тұрғындар жарық өшкен кезде диспетчерлік қызметке хабарласу мүмкін емесін және өтініштердің дер кезінде қарастырылмайтынын айтып жиі шағымданады, -деді облыс әкімі аппаратының өңірлік даму және мониторинг бөлімінің бас инспекторы Инамат Хайдаров.

«Атырау Жарық» ЖШС директоры Мейірбек Ғұбашевтың мәліметінше, кәсіпорын 200 мыңнан астам абонентті электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бүгінде энергетика нысандарын күрделі жөндеу жоспары 50%-ға орындалған. Атырау қаласы мен Мақат ауданында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 73,9 шақырымдық 13 электр желісі нысаны жаңғыртылған.

— Облыс орталығында жарықтың кезек-кезек сөнуіне негізгі себеп -«KEGOC» АҚ балансындағы жүктемені автоматты түрде шектеу жүйесінің жұмысына байланысты сыртқы шектеулер. Автоматтандырылған жүйе генерациялау қуатының тапшылығы салдарынан 6 065 тұрғын үй мен 983 заңды тұлға орналасқан Атыраудың сол жағалауын электрмен қамтамасыз ететін кернеуі 35 кВ Л-1Ц және Л-5Ц әуе желілерін ажыратып тұрады, -деп хабарлады облыс әкімдігі.


Бұдан бөлек, зақымдалған 10 кВ резервтік кабельдік желілері бар көпқабатты тұрғын үй кешендері, сондай-ақ теңгерімінде трансформаторлық қосалқы станциялары бар, бірақ иелері күзгі-қысқы кезеңге техникалық тұрғыда дайындалмайтын 3 315 тұтынушының бейқамдығы да мәселені күрделендіріп отыр.

— Жүктемені автоматты азайту жүйесіне қатысты сұрақ көп. Біз бірнеше рет жүктемені бөлудің балама схемасын ұсындық, бірақ мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Жеке және иесіз жатқан электр желілері де өз алдына бөлек мәселе. Сондай-ақ «Бейнеу-220» қосалқы станциясындағы ағынды автоматты бақылау жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі де апатты жағдайлардың туындау ықтималдығын арттырады, -деді «Атырау Жарық» ЖШС директоры Мейірбек Ғұбашев.

Облыс билігі жауапты мекеме басшыларына проблемалы ықшам аудандарға ерекше көңіл бөлуді, «Атырау Жарық» ЖШС апаттық бригадаларының жұмысын жандандыруды, электр желілеріндегі апаттың алдын алу бойынша қажетті шараларды қабылдауды, сондай-ақ кәсіпорынның диспетчерлік қызметінің жұмысын жетілдіруді, халықпен тиімді кері байланыс орнатып, апатты жағдайда шұғыл әрекет етуді тапсырды.

«KEGOC» АҚ филиалының өңірлік диспетчерлік орталығы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Бағытовтың сөзінше, филиал иелігінде жалпы қуаты 1 450 мегавольт-амперлік 2 391 шақырым электр желісі және кернеуі 220 киловольт жеті қосалқы станция бар. 2023 жылы «Батыс Қазақстан — Атырау — Маңғыстау» екінші транзиті пайдалануға беріліп, нәтижесінде желілердің өткізу қабілеті төрт есеге артқан. Соған қарамастан, өңір энергожүйесінде генерациялау қуатының тапшылығы әлі де бар.

— Қазіргі уақытта Атырау облысы 1 154 мегават энергия тұтынады. «МАЭК» ЖШС № 1 энергоблогы мен «Karabatan Utility Solutions» ГТЭС № 4 турбогенераторын апаттық жөндеу, сондай-ақ ауа температурасының аномальды жоғарылығы мен Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі электр станцияларында өндірілетін электр энергиясының көлемін азайтып, жағдайды күрделендіре түсті, -делінген әкімдіктің ресми хабарламасында.

Нәтижесінде Ресейдің Бірыңғай энергетикалық жүйесі жағынан мемлекетаралық транзит жүктемесі рұқсат етілген мәннен асып кеткен. Бұл ЖАШЖ жүйесінің автоматты түрде іске қосылуына себеп болды. Аталған жүйе үлкен апаттардың алдын алатын және энергожүйелердің параллель қызметінің бұзылуына жол бермейтін мәжбүрлі қорғаныс шарасы екенін атап өтті. Тәуелділіктен толық құтылуға Батыс өңірді Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосатын кернеуі 500 киловольт «Қарабатан — Өлке» электр беру желісінің құрылысы мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру 2027 жылға жоспарланған.



Еске салайық, өңірге қарасты Құрманғазы ауданындағы Азғыр өңірі әлі де Ресейдің электр желісіне тәуелді.