Атыраудағы атышулы іс: Яна Легкодимованың өлімі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр

Фото: Видеодан алынған скрин

АТЫРАУ. KAZINFORM — Бүгін Атырауда Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Іс мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралады. 

Сот отырысы барысында марқұмның анасы Галина Легкодимова 2024 жылғы 8 қазанда айыпталушы Руслан Қайыржанов марқұм Яна Легкодимовамен арадағы жанжал барысында оның өзін әшкерелеуінен қорқып, өміріне қастандық жасауға шешім қабылдаған. Ол бұл мақсатта танысы Алтынбек Катимовты көмекке тартып, оған 500 мың теңге көлемінде сыйақы беруге уәде еткенін айтты. 

— 2024 жылғы 19 қазанда Қайыржанов пен Катимов Яна Легкодимованы алдап, көлікке отырғызып, кейіннен оны өлтірген. Қылмыстан кейін олар марқұмның ұялы телефонын жойып, денесін өзенге тастаған. Кейіннен марқұмның сүйегі табылған, — деді Яна Легкодимованың анасы.

Жәбірленуші тарап адвокатының айтуынша, қайғылы оқиға салдарынан Яна Легкодимованың анасы ауыр моральдық соққы алып, терең жан күйзелісін бастан өткерген.

—Сол себепті, әрбір айыпталушыдан 25 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы және 10 миллион теңге көлемінде материалдық залалды бірлесіп өтеуді сұраймыз, — деді жәбірленушінің адвокаты сотта.

Сот отырысында судья айыпталушыларға тағылған айыпты нақтылады.

— Сонымен, тапсырыспен кісі өлтіру айыбымен келіспейсіз. Ал адамдар тобы алдын ала сөз байласып, кісі өлтіру ісін мойындайсыз ба, жоқ па? , — деп сұрады сот төрағасы.

Сотталушы Алтынбек Катимов өз жауабында кінәсін ішінара мойындап, істеген ісіне өкініш білдірді.

— Иә, мен хат алмасулардың болғанын жоққа шығармаймын. Бірақ 500 мың теңге үшін адам өлтіру бұл ақылға қонбайтын нәрсе, құрметті судья. Мен кінәмді мойындаймын, қылмысқа кедергі келтірмедім. Ісіме қатты өкінемін және осында отырған барлық адамдардан кешірім сұраймын. Өзімді ақтай алмаймын, ақталуға да тырыспаймын. Ал Қайыржанов айтып өткен кейбір жайттарды мен енді ғана білдім. Қауіп бар екенін білгем, бірақ бәрі осылай болатынын түсінбедім, — деді ол сотта.

Бұған дейін Атырау облысы прокуратурасы Яна Легкодимованың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа айыптау қорытындысын бекіткенін жазғанбыз.