Атыраудағы жарылыстан зардап шеккен екі баланың жағдайы әлі де ауыр

Фото: Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырауда тұрғын үйдегі газ-ауа қоспасының жарылысынан бір отбасының бес адамын күйік шалып, ауруханаға түскен еді. Кешеден бері ауруханада ерлі-зайыптылар көз жұмды. Қазір жансақтау бөлімінде жатқан 2001 жылғы әйел мен екі баланың жағдайы ауыр күйде қалып отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Атырау облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ержан Есолаевтың айтуынша, екі бала жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда жатыр.

«Біздің ауруханаға 2 қаңтар күні жергілікті уақытпен сағат 11:00 шамасында екі бала өте ауыр жағдайда түсті. Балақайдың бірі 2021 жылы туған, ал, екіншісі – үш айлық екі бала. Екеуінің денесінде 80-90 пайыз шамасында күйік бар. Балалар жасанды тыныс алу құрылғысына шұғыл қосылды. Жергілікті дәрігерлер науқастарға тиісті ем-дом жүргізуде. Бірақ, оң өзгеріс байқалған жоқ. Балалардың жағдайы әлі де бұрынғыша – ауыр күйде қалып отыр. Олардың өмірін сақтап қалу үшін елордалық дәрігерлердің кеңесіне жүгіндік», - деп хабарлады Ержан Есболаев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Атырауда тұрғын үйде газ жарылып, 5 адамды күйік шалды.  

Атырау қаласының маңындағы Көкарна ауылында тұрғын үйде газ-ауа қоспасы жарылды. Жарылыстың салдарынан тұрғын үйдің 9 шаршы метр қабырғасы құлап, 140 шаршы метр алаңы жанып кетті. Өрттің салдарынан 5 адамды күйік шалды. Зардап шеккендер ауруханаға түсті. Кеше күйік шалған ер адам қайтыс болды. Ал, бүгін күйіп қалған екінші адам ауруханада көз жұмды. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенсек, ауруханада қайтыс болғандар – ерлі-зайыптылар. Ер адам 1965, ал, әйел 1970 жылы туған. Марқұмдардың денесінің 90-95 пайызын күйік шалған.