Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәдениет және ақпарат министрінің атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осы мәселені көтерді.
Өз сауалында депутат А.Смайыл Батыс пен Шығыс әдебиетінің білгірі Ф.Капрулузаденің: «Славян, фин, француз, герман әдебиетіне эпикалық жанр, поэма жазу дәстүрі «Аттила» дастаны арқылы келді», - деген пікіріне тоқтала келе, әлемдік өркениет жетік біліп қадірлеген осы дастанның елімізде белгісіз боп отырғанына қынжылыс білдірді. «Біздің дәуірімізге дейінгі ҮІІ-ҮІ ғасырларда туған «Алып Ер Тоңға», «Шу батыр», «Көк бөрі», «Оғыз қаған» дастандарымен бірге Ұлы дала жағалай жырлаған «Аттила» дастаны Еуропада талай ғасыр жатқа айтылыпты. Скандинавия елдерінің ғажайыбы «Алып қолды Вальтария» дастаны соған еліктеуден туған. Эпикалық дүниеге осылай ауызданған Батыс келе-келе Аттиланың өзін жырға қосқан. Германия мен Скандинавия тарихында Этцель, Славян дүниесінде Атыл есімімен белгілі, сонау ІҮ ғасырда халықтардың ұлы қоныс аударуына ықпал еткен, атақты Шығыс Рим империясына бас идіріп, Еуропада феодалдық қоғамның құрылуына жол ашқан, кәрі құрлықта қуатты Ур-Аргун империясын құрған, жарты әлемде әскери демократия орнатқан даңқты қолбасшы жайлы дауылдата жырлаған. Біз осы күнге дейін түркі әлемі Еділ деген атпен дәріптейтін, Еуропа елі «Құдайдың қамшысы» деп көкке көтерген дарабоз бабымыз бейнеленген сол эпостарды төл тілімізде сөйлете алмай келеміз», - дейді депутат А. Смайыл.
Оның айтуынша, Еуропадан туған таланттардың өздері әйгілі Еділ патшаға арнап өлмес туындылар қалдырған. Алайда ондай шығарма республика сахналарында қойылмай жүр. «Сахна төрін Батыстың қойыла-қойыла жаттанды болған дүниелерімен толтырып жүргенде, неміс драматургі Вернер Цахариастың «Аттила» атты романтикалық трагедиясы бар екенін, бізге шетелдік шығармалардың ішінде соның ең жақын екенін неге ойламағанбыз? Бұл драма кезінде Еуропа сахнасының сәнін де, мәнін де келтірген. Әлем тілдеріне аударылған. Көркемдік, тарихи құндылығына орай А.Шишков 1831 жылы орыс тілінде сөйлеткен. Жалпы түркі, жалқы алғанда қазақ мәдениетінің тарихында сүбелі орын алатын осы ғажайыптардың жоталысы - Италияның атақты композиторы Джузеппе Вердидің «Аттила» операсы. Дарынды композитордың басқа да тамаша туындыларымен бірге ұзақ уақыт қойылған осы операны күні бүгінге дейін қазақ сахнасында жаңғыртқан жоқпыз», - деген депутат, бұл бағытта ұмтылыстың болмай отырғанына қынжылатынын білдірді.
«Адамзат өнерінің алтын-күмісіне айналған, көне тарихымыз дәріптелген, толағай тұлғалы заңғарымыз ардақталған осы туындыларды ана тілімізде сөйлетуіміз керек. Аттила - Еділ жайлы шетелдік барлық шығармалар Қазақстанда басылып, сахналарда қойылуы қажет», - деді ол.