Атырау облысында «Болашақ» зауытынан босатылып жатқан кадрларды жұмыспен қамту мәселесі шешілуде

АТЫРАУ. 12 наурыз. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/- Атырауда «Аджип ККО» компаниясы жылдың басынан бері 1216 жұмысшы мен маманды қысқартты.

Жылдың соңына дейін тағы 11 353 адам жұмыстан қысқартылады. Бұл туралы «Аджип ККО» компаниясының басқарушы директоры Умберто Кара хабарлады.

Жұмысшылар, «Қашаған» теңіз кенішінен мұнай айдалатын «Болашақ» мұнай-газ кешенді қондырғысы құрылысының аяқталуына байланысты қысқартылуда. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс және құрастыру жұмыстарының 81 пайызға аяқталып қалды.

«Жұмыстан босатылып жатқан адамдар жұмыссыз қалмауы керек. Оларды басқа жобаларға орналастыру мәселесін қазірден ойластырған жөн. Бірінші кезекте, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жаңа қондырғылар құрылысына, жақында жұмыстар басталатын газ-химиялық кешенге орналастыруға болады», - деп мәлім етті облыс әкімі Бергей Рысқалиев «Болашақ» зауытынан жұмыстан босатылып жатқан адамдарды еңбекпен қамту мәселесіне арналған кеңесте.