Атырау облысындағы 30-дан астам әлеуметтік нысанға жөндеу жүргізіледі

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 2016 жылы Атырау облысындағы 30-дан астам әлеуметтік нысанға жөндеу жүргізіледі.

«2016 жылы Атырау облысында инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы халықты жұмыспен қамтуды көздейтін «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасының алғашқы бағытын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1,4 миллиард теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен 35 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, оның 29-ына күрделі жөндеу, алтауына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 31 нысан білім беру, 1-уі - әлеуметтік қорғау, 3-уі - мәдениет саласындағы нысандар қатарында. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру 613 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, 316 адам халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа тұрады. Қазір 30 жобаны жүзеге асыру басталды, онда 364 адам жұмысқа тұратын болады», - деп ақпарат берді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.