Атырау облысындағы елді мекендердің 77 пайызы газбен қамтылған - аймақ басшысы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңына келіп, Астана журналистерімен бетпе-бет, ал өзге өңірлердің бұқаралық ақпарат құралдарымен онлайн-режимде және тікелей эфирде кездескен Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңірдің әлеуметтік әрі экономикалық жағдайы туралы көсіле әңгімеледі.

Жалпы, облыс әкімі «мұнайлы өлкенің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен индустриялық-инновациялық даму көрсеткішін 20 минуттық баяндамаға түгел сыйдыру мүмкін емес екенін» ескертіп, тікелей эфирдің уақыты аяқталғанша, журналистердің бірде бір сұрағын жауапсыз қалдырмауға тырысты. Осылайша, әкім облыстағы әлеуметтік-экономикалық, ауыл шаруашылығы, экспорт пен жаңа мұнай кендері туралы, тіпті, экологиялық мәселелерге қатысты молынан ақпарат берді.

«Экономикалық тұрақтылық әлеуметтік сұрақтарды шешуге мүмкіндік беріп отыр, - дейді аймақ басшысы. - Жыл басынан бері мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін 18 нысан іске қосылды. Оның 12-сі жекеменшік. Сондай-ақ, үш жаңа мектеп ашылды. Бір айта кетерлік жағдай, облыста жекеменшік балабақша салуға қызығушылық артып келеді.. Аз ғана уақыттың ішінде жекеменшік балабақшаның саны 3-тен отыз беске жетті».

Б.Ізмұхамбетовтің хабарлауынша, облыс мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудан үнемі нәтиже көруге тырысады. Мысалы, біраз сынға ілінген «Ақбұлақ» бағдарламасының арқасында облыс таза ауыз судың үлесін 78 пайызға жеткізген. Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ақбұлақ» бағдарламасына қатысты нақты тапсырмасы - 2020 жылға дейін Қазақстан халқының 80 пайызын таза ауыз сумен қамту еді.

«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша облыста 84 нысан іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 11 нысан іске қосылмақ. Соның нәтижесінде, облыста таза ауызсумен қамту көрсеткіші 78 пайызға жеткелі отыр. Облыстағы елді мекендердің 77 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Қазір 13 елді мекенде осы жөнінде жұмыс жүріп жатыр. Жыл соңына дейін олар да көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі»,-деп хабарлады аймақ басшысы.

Ал облыстағы дағдарысқа қарсы шаралардың екінші бағыты - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету екені белгілі болды. «Соңғы үш жыда облыста ауыл шаруашылығына 22 млрд теңге қаржы салынды. Соның арқасында біз жұмыспен қамту мәселесін, әсіресе, ауылдық жерлердегі халықты жұмыспен қамтып, азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға қол жеткіздік. Биыл іске қосылған шаралардың ішінде екі құс фермасы бар. Екі құс фермасының жоспарланған қуаттылығы жылына 92 млн. жұмыртқа. Бұл көрсеткішке біз 2016 жылдың тамыз айында шығамыз. Бірақ, қазірдің өзінде облыс орталығын жұмыртқамен қамтамасыз еттік. Тағы бір айта кетерлік жағдай, осы құс фермаларының бағасы болмақ. Бұрын сырттан тасығанда он жұмыртқаның бағасы 220 теңге болса, қазір екі құс фермасының өнімі он жұмыртқа үшін 180 теңгеден сатылады»,-деп хабарлады ол.

Сондай-ақ, Атырау облысы елімізде алғаш рет қой жүні мен түйе жүнін әбден өңдейтін өндірісті іске қосқан.

«Облыста Қазақстанда бірінші рет 350 тонна қой жүнін және 100 тонна түйе жүнін өңдеп, тазалап, иіріп, бояп, тоқып өнім шығаратын өндірісі салып бітірдік. Жаңа жылдан бастап өндіріс өнім беретін болады»,-деді сөзін түйіндей келе Б.Ізмұхамбетов.