Атырау облысының 4 балабақшасынан ішек құрты табылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында прокурорлар «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруды тексеру барысында көптеген бұзушылықтарды анықтады.

«13 балабақшада 70-тен астам тәрбиеші өзінің мамандығына сәйкес болмаған. Ал 4 мектепке дейінгі мекемеде шаруашылық тауарлары мен қызметтерді 65 млн. теңгеге мемлекеттік сатып алушлар туралы заңды өрескел бұза отырып, сатып алған. Қалалық білім бөлімінде балабақшаларда орын беруде бақылау жүйесі болмаған. Облыстың мектепке дейінгі мекемелеріне 18 мыңнан астам бала кезекте тұрғанын ескерер болсақ, бұл біраз жанжалды жағдайларға себепкер болған. Бес балабақшада ішек құрты бактериялары табылған, олардың қызметі тоқтатылды, ал 35 балабақша мен 12 шағынорталықта санитарлық талаптар өрескел бұзылған», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Атырау облысы прокуратурасының ресми өкілі Аслан Нұрғалиев.

А.Нұрғалиевтің айтуынша, тексеру қорытындысымен 26 адам тәртіптік жауапкершілікке және 100-ге тарта адам - әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ол балабақшалардағы орындар кезегін сақтау мәселесін прокуратура айрықша бақылауға алғанын айтты.