«Соңғы үш жылда жалпы аймақтық өнімнің көлемі 3,2 трлн. теңгеден 4 трлн. теңгеге дейін өскен. 2015 жылы аймақ экономикасында да оң динамика байқалып отыр. Біздің облысымыздың елдің ЖІӨ-гі үлесі 10,8 пайыздан 12,4 пайызға дейін өскен. Жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда шамамен 6 млн. теңгеден 7 млн. теңгеге дейін артқан. Егер 2012 жылы Атырау облысы мемлекеттік бюджетке 365 млрд. теңге салық түсімдерін түсірсе, 2014 жылы бұл сома 625,7 млрд. теңгеге жеткен. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының болжамы 110,5 пайызға орындалды», - деп атап өтті әкім.
Б.Ізмұхамбетовтің айтуынша, соңғы үш жыл бойы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша Атырау облысы республика өңірлерінің арасында 1-2 орындар алып отыр.
«Бірақ жалпы алғанда қарқынды дамып отырған облыс туралы айта келе, біз аудандар бойынша көрсеткіштердің бірдей емес екенін ұмытпауымыз керек. Әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісінде Атырау қаласы және Жылыой, Қызылқоға, Индер, Махамбет аудандары дамыған немесе орташа дамыған өңірлер қатарында болса, ал Исатай, Мақат, Құрманғазы аудандарының даму қарқыны әзірге төмен болып отыр. Бұл жағдай облыс рейтингіне кері әсерін тигізуде. Сондықтан аудандық және қалалық әкімдіктер әлеуметтік-экономикалық даму қарқынының жандануына одан да көп күш салуы тиіс», -деді облыс әкімі.
Индустрияландыру бағдарламасының аясында облыстың соңғы үш жылдың ішіндегі негізгі жетістіктері туралы айта келе, Б.Ізмұхамбетов өңірде бұрын шығарылмаған өнімдердің көптеген түрлері өндіріле бастағанын атап өтті.
«Солардың арасында «АтырауМұнайМаш» ірі көлемді және ауыр металл қондырғыларын жинау өндірісін, «ШевронМұнайИнк» құбыр жүргізу арматурасын шығару зауытын, екі тұрғын үй құрылыс комбинатын, «Первомайский» АҚ сүт-тауарлық бұйымдары фермасын, «Сарайшық» тұқымды шаруашылығының» ешкі фермасын, бір тоннаға дейін қара уылдырық алу жоспарланып отырған «Каспиан Роял Фиш» фермасының бекіре балығын өсіру зауытын ерекше атап өткім келеді», - деп атап өтті Бақтықожа Ізмұхамбетов.