Атырау облысының шаруа қожалықтары қажетті техникалардың кезекті партиясын алды - «ҚазАгроҚаржы» АҚ

АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Атырау облысының шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы және арнаулы техникалардың кезекті партиясын алды.

Бұл туралы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның баспасөз хатшысы Ринат Тасболатов мәлім етті.

Облыстың сегіз шаруашылығы «ҚазАгроҚаржы» желісі бойынша лизингке шөп шабу мен тасуға қажетті техника сатып алды. Әңгіме өндірісі қазақстандық «СемАЗ» машина жасау кәсіпорынында жөнге салынған «Беларус 80.1» және «Беларус 82.1» тракторлар жөнінде болып отыр. Әмбебап тракторларды сатып алуға «ҚазАгроҚаржы» Атырау шаруашылықтарын 3-7 жыл мерзімге жылдық 8 пайыз шартымен қаржыландырды.

Бұдан басқа, облыстың тоғыз шаруашылығы шөп шабу науқанына арнап, лизингке ПРФ-145 пішен-тайлауыштарын сатып алды. Тұрақты сығымдау камерасы бар пішен тайлауыштар шөп, сабан дестелерін іріктеуге, оларды кейін шпагат жіппен орай отырып, рулондарға сығымдауға арналған. Жабық типтегі сығымдау камерасын қолдану есебінен аталмыш типтің пішен-тайлауыштарының жемшөп шығыны төмен.

Бұдан бұрын отандық лизингтік компания аймақ шаруашылықтарына жемшөп дайындауға, сондай-ақ мал тасымалдауға байланысты жұмыстарды жүргізу үшін шаруаларға қажетті УАЗ 390945-310 «Фермер» автомашиналар партиясын жеткізіп берген болатын.

Жалпы, 2005-2012 жылдар ішінде «ҚазАгроҚаржы» компаниясы Атырау облысының АӨК-не 1,4 млрд. теңгеден артық қаржы инвестициялады. Шаруашылық жүргізуші субъектілерді жалпы құны 769 млн. теңгеге 432 бірлік техника сатып алуға қаржыландырды. 

«СемАЗ» өндірісінің «Беларус» тракторларына қатысты «ҚазАгроҚаржы» биылғы жылдың басынан бастап, отандық агроөнеркәсіптік кешеннің қажеттіліктеріне 1,8 млрд. теңгеге шамамен 500 бірлік техника сатып алғанын айтып кету керек.

Естеріңізге сала кетейік, «СемАЗ» зауытының құрылысын 2009 жылы «ҚазАгроҚаржы» «Ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру өндірісін ұйымдастыру» бағытындағы инвестициялық жобаны іске асыру шеңберінде қаржыландырған болатын.  Осы уақыт ішінде лизингтік компания Семей машина жасаушыларынан 1600 астам «Беларус» тракторларын сатып алып, республика шаруашылықтарына табыстады.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ - 1999 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен құрылған компания. Негізгі мақсаты - ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қаржы қаражаттарына, сонымен қатар лизинг негізінде ауыл шаруашылығы техникалары мен технологиялық жабдықтарға деген қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы республиканың аграрлық секторын дамытуға қолдау жасау. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына енеді.