Атырау облысының жаңа әкімі қызметіне Бақтықожа Ізмұхамбетов тағайындалды

АТЫРАУ. 15 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Атырау облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев аймақ активінің жиналысында облыстың жаңа әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовті таныстырды.

ІЗМҰХАМБЕТОВ Бақтықожа Салахатдинұлы 1948 жылы Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы), Теңіз ауданында туған. Уфа мұнай институтын бітірген. Техника ғылымдарының докторы.

1971-1991 жылдары «Ембімұнай» бірлестігінің Прорва бұрғылау кеңсесінде, «Қазмұнайгазбарлау» басқармасында, Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу мұнай институтында, шетелдік іссапарда Кеңес мұнай барлау экспедициясында жұмыс істеді.

1991-1992 жылдары Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің бөлім бастығы лауазымын атқарды.

1992-1993 жылдары Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігінің Мұнай және газ басқармасының бастығы болып істеді.

1993 және 2003 жылдар аралығында - «Қазақтүрікмұнай» бірлескен кәсіпорнының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ үлестерді бақылау жөніндегі атқарушы директоры, «ҚазМұнайТеңіз» теңіз мұнай компаниясының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК ЖАҚ БК үлестерді басқару жөніндегі басқарушы директоры лауазымдарын атқарды.

2003 жылдың желтоқсаны мен 2006 жыл аралығында - Қазақстан Республикасының энергетика және минералдық ресурстар бірінші вице-министрі.

2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрі.

2007-2012 жылдар аралығында - Батыс Қазақстан облысының әкімі.

2012 жылдың қаңтарынан бастап - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V шақырылымының депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары.

«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланды.

«Құрмет» орденімен, II дәрежелі «Барыс», I дәрежелі «Ұлы Петр» (Ресей), «Еңбегі үшін» (Украина) ордендерімен марапатталған.

Ағылшын және түрік тілдерін меңгерген.

 

Үйленген, екі баласы және үш немересі бар.