Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Құлсары қаласының тұрғыны алкоголь өнімін заңсыз сақтап келген.
«Департаменттің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында орналасқан қоймалардың бірінен алкогольді спирт өнімін заңсыз сақтаған тұлғаны анықтады. Қала аумағындағы қоймадан 3,194 литрді құрайтын арақ өнімі табылды. Спирт ішімдігі 6600-ден астам шыны бөтелкеге құйылған. Алкоголь өнімінің жалпы құны 7 млн теңгеге жуық қаржыны құрайды», - деп хабарлады ведомстводан.
Күдікті ретінде 51 жастағы ер адам ұсталды. Қазір оған қатысты Қылмыстық кодексінің 233-бабы 2-бөлігімен (Акцизделетiн тауарларды сәйкестендіру құралдарымен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртiбi мен қағидаларын бұзу, сәйкестендіру құралдарын және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасау және пайдалану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.
Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайтыны мәлім етілді.
Фото: polisia.kz