Атырауда A/H1N1 тұмауы ауру анықталғаннан кейін шетелге шығатындарға санитарлық бақылау күшейтілді

АТЫРАУ. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Өткен сейсенбіде A/H1N1 тұмауы оқиғасы тіркелген Атырау облысында шетелде болған азаматтарға санитарлық бақылау күшейтілді.

Облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бастығы Өмірзақ Зинуллиннің хабарлауынша, Атырау қаласының халықаралық әуежайында тәулік бойы санитарлық-карантиндік пункт  жұмыс жасайды. Шетелден келген барлық адамдар арнайы бақылаудан өтеді. Бұл бақылау тепловизор көмегімен жүргізіледі. Мұндай бақылаудан кейін де, облысымызға келген барлық шетелдіктер, шетелде болған Қазақстан азаматтары 7 күн бойы қадағалауда болады. Егер қандай да бір вирустық инфекция белгілері байқалса, олар дереу ауруханаға жатқызылады.

Ө.Зинуллиннің айтуынша, шетелдерден келетін азаматтардың басым бөлігі үлесіне тиетін «Теңізшевройл» ЖШС-ында (ТШО), «Аджип ККО» компаниясында қауіпсіздіктің күшейтілген шаралары қолға алынды. ТШО-ның Теңіз кенішіндегі «Шаңырақ» вахталық кентінде тұмау вирусына қарсы 10 мың ампула Тамифлю препараттары қоры жасақталған.