Атырау облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұқтарова хабарлағандай, жеке үйдің қорасы цехке айналдырылған жерде полицейлер 200 келіге жуық балықты анықтады. Олардың бір бөлігі бөшкелерде тұздалған болса, екінші бөлігі сол күйінде жатқан екен. Бұл жерде сонымен қатар бекіре тұқымдас балықтардан дайындалған 20 келі жон ет те табылды.
«Жасырын цех анықталған үй Атырау қаласының 32 жасар тұрғынына тиесілі. Осы фактіге қатысты ҚР ҚК 183-бабы бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде. Сонымен қатар, балықтың қай жерден ауланғанын да анықтау жұмыстары жүріп жатыр», - дейді Г.Мұқтарова.