Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, әлеуметтік нысандарды салу мақсатында Атыраудың ескі бөлігінде орналасқан үйлерді сүру жұмыстары басталды. Бастапқы кезеңде Жарбосынов көшесінде орналасқан 14 үй бұзылады. 8 орталық көшеде орналасқан 110 үйдің иесі баспаналарын сүргізуге және өтемақы алуға келіскен.
«Жалпы тізім бойынша, жалпы аумағы 18 гектар болатын 271 үй бұзылуы тиіс. Жұмыстарды аяқтау кезеңі үй иелеріне байланысты - коммуналдық төлемдердің төлеуі, өтемақы алуға келісім беруі және жаңа үйге көшуі қажет. Жоспар бойынша қаланың ескі бөлігін бұзу жұмыстары 2019 жылдың наурыз айына дейін аяқталуы керек»,- дейді «Бас жоспар орталығы» КММ басшысы Жұмабек Жұмағалиев.
Айта кетейік, Атырауды дамытудың Бас жоспарына сәйкес, қала тұрғындарының саны 350 мың адамға дейін өсуі мүмкін. Ал облыс орталығының аумағы 3 есеге кеңейтіліп, 46 мың гектарды құрамақ.
Әлеуметтік инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуі үшін 2030 жылға қарай қосымша 83 балабақша, 45 мектеп, 20 клиника, 5 аурухана, 6 фитнес-орталық және 3 мәдениет үйі салынады.