Атырауда жаңа көпір мен аэровокзал салынады - әкім

АТЫРАУ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Атырау облысында Жайық өзені арқылы жаңа көпір салынатын болады, деп мәлім етті активтің отырысында өңір басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Әкімнің сөзіне қарағанда, Индер мен Махамбет аудан орталықтарынан бір шақырымда орналасқан жерде көпір салу ұсынысын Атырау облысының басшыларымен болған кездесуде Президент жасаған болатын. 

«Жайық өзенінің солтүстік жағалауында облыстың 500-ге жуық тұрғыны тұрады. Бұл жерде 90 әлеуметтік нысан бар. Келесі жылы жоба дайын болып, көпірдің құрылысы бойынша жұмыс басталады», - деді Б. Ізмұхамбетов. 

«Шешімін тапқан мәселелердің ішінде Атырау қаласында аэровокзал ғимаратының құрылысы бар. Бұл мәселе бойынша «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басшысы Өмірзақ Шөкеевпен уағдаластыққа қол жеткізілді. Жобалық жұмыстар келесі жылы басталады», - деді өңір басшысы.