Атырауда жемқорлыққа қатысты дау енді аудандарға көшті

АТЫРАУ. 23 қаңтар. ҚазАқпарат ­- Атырау облысы бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті «Алтын Түбек» ЖШС директоры мен «Махамбет ауданының құрылыс бөлімі» ММ лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғады.

Олар мемлекеттік қызметті атқаруға өкілетті тұлғалар бола тұра, қызметтік лауазымдарын асыра пайдалана отырып, алдын ала келісіп, бюджеттік қаражатты жымқыру мақсатында 2007 жылғы 14 наурызда өз араларында келісімшартқа отырған. Келісімшартқа сәйкес, Махамбет ауданы Береке ауылында су тазалау құрылғылары мен ауылішілік суқұбыры желілерін салу қажет болатын. Осыдан соң жұмысты атқармастан, жалған актілерге қол қойып, 9 млн. 386 мың 844 теңге көлемінде бюджеттік қаражатты жымқырған.

Қылмыстық іс ҚР ҚК 176-бабы 3-бөлімінің «б», «г» тармақшалары бойынша қозғалып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысында өңірді бұрын басқарған Бергей Рысқалиев кеткен соң бірнеше қылмыстық іс қозғалан еді. Тергеудің алдын ала жасаған есептеулері бойынша, мемлекеттен 30 млрд. теңгеден астам қаражат ұрланған. Ақша жымқыруға қатысты қылмыстық істердің барлығы дерлік облыс орталығында жасалған. Енді қаржы полициясы аудандардағы бюджеттік қаражаттың пайдаланылуын тексеріп жатыр. Бұрын аудандарда жүзеге асып келген түрлі жобаларға ондаған миллиард теңге қаржы бағытталған болатын.