Атырау облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарованың айтуынша, 1991-1992 жылдары туған 7 жасөспірім ұсталды.
«Күдіктілер уақытша ұстау орнына жабылып, қазір жауап беріп жатыр. Олардан заттық айғақтар, атап айтқанда, балға, зілбалғалар табылып отыр. Тағы екі адам қашып кеткен. Оларға іздеу салынды», - дейді Г.Мұхтарова.
Зираттарды қиратуға не себеп болғаны туралы полиция әзірге ешқандай ақпарат берген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, зираттарда болған тұрпайылық әрекеттерді жерленген марқұмдардың туыстары осы айдың ортасында байқаған. Белгісіз адамдар 31 қабірге қойылған белгіге зақым келтірген. Жерленген адамдардың басына қойылған тастар толығымен бүлініп, қабір үстіндегі құлпытас ұсақ бөліктерге бөлшектеніп тасталған. Қаланған тастар қиратылып, марқұмдардың зират басындағы суреттері не кесіліп, не қызыл түсті бояумен боялып кеткен.
Облыста ең тәжірибелі тергеушілер мен криминалистерден жедел тергеу тобы құрылған. Бұл қылмысты тергеу Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерімен бірлесе жүзеге асырылуда.