Атырау облысы Ішкі істер департаментінің Криминалды полиция басқармасының бастығы Амандық Мұқашев хабарлағандай, 1991-1992 жылдары туған 7 жасөспірім ұсталды. Олардың барлығы Атырау қаласының тұрғындары. Ұсталғандардың бірі - Х.Досмұхамбетов атындағы университеттің студенті.
«Күдіктілер жасаған әрекеттерін мойындады, олар бірнеше рет түн уақытында көлікке мініп, мұсылман зиратына барып, 15 моланың тас қабырғаларын қиратып, құлпытастарын сындырған. Олардан заттай айғақтар - атап айтқанда, балға, зілбалғалар табылып отыр», - деп хабарлады А.Мұқашев.
Полицейлердің айтуынша, олар зираттарды қиратуға не себеп болғаны туралы әзірге ешқандай ақпарат берген жоқ. Олардың барлығы ата-бабалар мен қасиетті орындарға құлшылық етуге қарсы шығатын Қазақстанда тіркелмеген діни ағымның мүшелері. Ұсталғандардан көптеген діни әдебиет, үнпарақтар, дәрістер мен уағыздар жазылған дискілер тәркіленді. Бұл материал қазір тексерілу үстінде.
Естеріңізге сала кетейік, зираттарда болған тұрпайылық әрекеттерді жерленген марқұмдардың туыстары осы айдың ортасында байқаған. Белгісіз адамдар 31 қабірге қойылған белгіге зақым келтірген. Жерленген адамдардың басына қойылған тастар толығымен бүлініп, қабір үстіндегі құлпытас ұсақ бөліктерге бөлшектеніп тасталған. Қаланған тастар қиратылып, марқұмдардың зират басындағы суреттері не кесіліп, не қызыл түсті бояумен боялып кеткен.
Облыста ең тәжірибелі тергеушілер мен криминалистерден жедел тергеу тобы құрылған. Бұл қылмысты тергеу Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерімен бірлесе жүзеге асырылуда.
ҚР ҚК 275-бабы 2-тарауы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасуда.