Атыраулық бір бекіре балығын заңсыз тасымалдағаны үшін 1 млн-ға жуық айппұл төлейтін болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысында 1 бекіре балығын заңсыз алып кетіп бара жатқан тұрғынға 1 млн.-ға жуық айыппұл салынды, деп хабарлады Исатай аудандық сотының баспасөз қызметінен.

Нақтырақ айтқанда, қыркүйек айында Атырау облысының ІІД балық қорына қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері рейдтік жедел-профилактикалық шараларын өткізу кезінде Астрахань-Атырау тас жолының Аққыстау селосы тұсында Б.Нукаевтың басқаруындағы «Фольксваген Пассат» маркалы автокөлігін тоқтатып, тексереді. Автокөлік салонынан бір дана бекіре балығы табылған көлік иесі Қазақстан Республикасы ҚК-нің 339 бабымен көзделген, яғни аулауға, тасымалдауға тиым салынған бекіре тұқымдас балығын сақтап және тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Б.Нукаевтың өтінішімен Қазақстан Республикасының ҚПК-нің 612 және 615 баптары басшылыққа алынып, сотталушы мен Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры К.Утеулиевтің арасында кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процессуалдық келісім жасалды. Исатай аудандық сотының үкімімен Б.Нукаев Қазақстан Республикасы ҚК-нің 339 бабымен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 991 000 теңге айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сот Б.Нукаевқа қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, осы Кодекстің 46-бабының ережелері ескеріле отырып, ол төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылатынын түсіндірді.