Атыраулық нұротандықтар есептік-сайлау конференциясын өткізді

АТЫРАУ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Андрей Соколов/ - Атырауда «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Оралбай Әбдікәрімовтің қатысуымен партияның аймақтық бөлімінің есептік-сайлау конференциясы өтті. Жиналыста партияның ХІІІ съезіне делегаттар сайланды.

«Нұр Отанның» облыстық филиалының төрағасы Болат Дәукеновтың хабарлауынша, өткен 2010 жылы облыстың партиялық ұйымының қатары толыға түсті. Бүгінде оған 27 мыңнан астам адам мүше. Өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылаған Б.Дәукенов, партияның жаңа бағдарламасының жобасы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды, барлық бастауыш ұйымдардың оны талқылауға атсалысқан және Саяси кеңеске біраз ұсыныс-кеңестер жолдағанын жеткізді.

«Біздің партияластарымыз бағдарлама жобасына біраз ұсыныс-кеңестер енгізді. Олардың дені әлеуметтік мәселелерге, ел экономикасы мен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысты болды. Және ұсыныстарымыздың көбісі бағдарлама жобасына енгізілді», - деді Б.Дәукенов өз сөзінде.

Конференцияға қатысушылар сондай-ақ демократиялық күштердің коалициясын құру бастамасына және Президент өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдумның өткізілуіне бірауыздан қолдау білдірді.

Конференцияда сонымен қатар партияның ХІІІ съезіне қатысатын делегаттар сайланды. Партияның республикалық форумына Атырау облысының атынан 26 адам қатысатын болады.