Таяуда ғана Ресей аумағынан қара бұлттай үйіріліп, еліміздің солтүстік өңірлеріндегі диқаншыларының үрейін ұшырған шырылдауық шегірткенің бетін әупірімдеп қайтарғанымыз есте. Бұл шегірткенің жүрген жерін жайпап, бидай масақтарын түбінен қиып кететінін жақсы білеміз. Алайда, еліміздегі егістік алқаптарында жиі кездесетін зиянды организмдердің астық өнімділігіне тигізер кері әсері осы шегірткеден бір де кем емес. Бидай, арпа, сұлы дақылдарының арасынан қаулай өскен арамшөптер мен зиянкестер өнім түсімін 50 пайызға дейін төмендетуге қауқары жетіп артылады. Жалпы еліміздің астықты өлкелеріндегі дәнді дақылдарға қауіпті 300-ден аса зиянкес бар болса, бүгінде солардың ішінде қоңыр тат пен септориоз қылаң беріп отыр.
Әрине, мұндай зиякестермен күреске мемлекеттің де қол ұшын беретіндігі аян. Ағымдағы жылы да еліміздің республикалық бюджеттен астық дақылдарының ауруларына қарсы химиялық өңдеу жүргізуге 2,7 млрд. теңге қарастырылыпты. Оның 1,7 млрд. теңгесі фунгицидтерді сатып алуға, сонымен бірге пестицидтердің қорын құруға әрі химиялық өңдеу жөніндегі қызмет көрсетулерді сатып алуға бағытталған. Бұл жайында бүгін арнайы брифинг өткізген ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сақташ Қасенов тарқата айтып берді.
Оның айтуынша, 2009 жылы 2 млн. 645 мың гектар жерді зиякестерге қарсы химиялық өңдеуден өткізу қажет еді. Алайда, мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға небәрі 122 мың га жерді химиялық өңдеуге мүмкіндік туындаған еді. Бұл жалпы улануы тиіс алқаптың 4,6 пайызы ғана. Қуантарлығы, сол жылдан кейін егістік алқаптарындағы зиякестерге бөлінген қаржы көлемі арту үстінде. Мәселен, 2010 жылы егістік алқаптарын химиялық өңдеуге мемлекет тарапынан бөлінген қаржы жалпы зиянкес басқан алқаптың 12,9, 2011 жылы 50, 2012 жылы 58, 2013 жылы 51 пайызына кететін. Биыл бұл көрсеткіш 76 пайызға жуықтап отыр. Комитет басшысының сөзіне қарағанда, егістік алқаптарын химиялық өңдеу дер уақытында қолға алынса, онда жұмсалған миллиардтаған қаржының өтеуі болатындығы анық. Жалпы, егістік алқаптарында зиянкестердің белең алуына жаңбырлы, аптап ыстық күндер мүмкіндік беріп отырған көрінеді.
«Шығынның болатыны сөзсіз. Алайда улағаннан кейін гектарынан 1 центнерге жуық өнім алсақ, онда шығынның орны толды деген сөз. Сондықтан да зиянкестерге қарсы күресті Солтүстік Қазақстан облысында 790 мың, Ақмола облысында 800 мың, Қостанай облысында 500 мың гектарда жүргізудеміз», - дейді комитет төрағасы.
С. Қасеновтің атап өтуінше, егістікті аурулардан тазарту үшін 87 бүріккіш техника жұмылдырылған. Оның 41-і ұшақ, ал 46-сы - аэрозольді генератор. Олар күніне 93 гектар жерді өңдейтін болады. Бұдан бөлек жеке меншік шаруа қожалықтары да өздеріндегі техникаларымен бұл жұмыстарды атқару ісіне белсене кірісуде.
«Қазіргі күнге уланған жер 928 мың гектарды құрады. Оның ішінде Үкіметтен бөлінген умен 681 мың гектар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің есебінен 247 мың гектар өңделді. Ал жалпы, 1,7 млн. гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі деп болжаудамыз», - деді ол.
Айтпақшы, комитет төрағасы еліміздің оңтүстік облыстарында егінге орақ түскендігін атап өтті. «Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында егін науқаны жүріп жатыр. Биыл Батыс Қазақстанда өнімділік жаман емес. Өткен жылмен салыстырғанда, 2 есеге жоғары. Ал басқа облыстарда егін шығымы төмендеу болып тұр», - деген ол биыл елімізде бункерлік салмақта 17 млн. тонна астық бастырылатындығын айтты.
Айта кетерлігі, Ресейде көптеп кездесетін қоңыр тат ауруы қазіргі таңда Қазақстанның көп облыстарында кездеседі. Қоңыр тат ауруы ассимиляциялық жапырақ бетін азайтып, өсімдіктің транспирациясын күшейтеді. Нәтижесінде су балансы бұзылып, жапырақ уақытынан бұрын солып қалады. Жаздық бидайдың түптену кезінде пайда болған ауру өнімді 80 пайызға дейін, ал масақтану кезінде 20-30 пайызға дейін төмендетуі мүмкін.
Септориоз - жаздық жұмсақ бидайдың ең кең тараған және аса қауіпті ауруы. Септориоз ауруының белгілері әр түрлі формадағы және әр түрлі мөлшердегі тозаңды-сұр, сұр-қоңыр, күңгірт қоңыр және хлорланған дақтармен сипатталады. Республиканың солтүстік аудандарда септориоздың жаппай таралуы бидай егістігінде шілденің ортасы мен соңында байқалады. Ылғалды жылдары пикнидалар мен пикноспоралар дәннің сүттеніп пісу, сүттеніп-балауызданып пісу кезеңінде және масақ қауызының залалдану кезінде байқалады.