Аудандық ауруханада ескі құрал-жабдықпен жүрекке ашық операция жасаған кезіміз болды – ауыл дәрігері

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Роза Қосаева 20 жылдан артық Ақжар аудандық ауруханасында дәрігер болып еңбек етіп келеді. Емдеу мекемесіне жас маман болып келген ол осы жерде тәжірибе жинады, біліктілігін арттырды, ең бастысы – көптеген адамның өміріне араша түсті.

Медициналық құралдар қат кезеңде де күрделі оталарды жасап, міндетімізді орындадық, дейді маман. Ауыл дәрігерімен ҚазАқпарат тілшісі сұхбат құрған еді.

- Роза Расылбекқызы, өзіңізді таныстырып кетсеңіз, қайда тудыңыз, қайда білім алдыңыз, негізгі мамандығыңыз кім, қазір кім болып еңбек етіп жатырсыз ?

- Мен Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы, Балықшы ауылының тумасымын. 1997 жылы Ақмола медициналық Академиясына оқуға түсіп, 2002 жылы қолыма диплом алдым.

Сол жылы Ақжар ауданына келісімшарт бойынша жұмысқа келдім. Негізгі мамандығым – балалар хирургы. Бірақ, көп ұзамай Алматы қаласында 4 айлық қайта даярлық курсынан өтіп, анестезиолог-реаниматолог мамандығын меңгердім. Оған бір себеп – мен келгенге дейін бұл ауруханада мұндай дәрігер болмаған екен. Осылайша 18 жыл бойы анестезиолог-реаниматолог болып еңбек еттім. Бұл өте қиын жұмыс, физикалық, психологиялық тұрғыда да. 24 сағат бойы шақыртуға дайын болуың керек. Сондықтан уақыт өте келе біліктілігімді өзгерттім. Қазіргі уақытта дерматовенеролог, қосымша психиатр-нарколог болып жұмыс істеп жатырмын.

- Ақжар аудандық ауруханасында 20 жылыңыз өтіпті. Бұл емдеу мекемесіне қалай келдіңіз ?

- Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы медициналық академияға келіп, түлектерді жұмысқа шақырды. Ол кезде де дәрігерлерге сұраныс өте жоғары. Жағдай жасалатынын, ең бастысы баспанамен қамтылатынымызды айтты. Мен ауданға баруға келісіп, келісімшартқа отырдым. Түрлі жағдайлар бастан өтті. Бірақ, осы дәрігер мамандағын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Анестезиолог-реаниматолог болып жүргенде көптеген ауруы қиын науқастарды емдеп, күрделі оталарға қатыстым. Мен келгеннен кейін ауруханада күрделі оталар, соның ішінде өтке операция жасала бастады.

- Аудан сізді жас маман ретінде қабылдады. 2000 жылдардың басы әлі қиындықтан құтылмаған кез, жағдайыңызды жасай алды ма, қалай қарсы алды?

- Ия, жақсы қарсы алды. Аудандық әкімдік көтермеақы берді. Тегін баспанамен қамтыды. Кейін өзім сияқты келісімшартпен келген жас маманмен шаңырақ көтердім. Балаларым дүниеге келді. Барлық қиындыққа көз жұмып, бір мақсатты ұстандық, ол – жақсы тәжірибе алу, білікті маман болу.

- Аудандық аурухананың жағдайы қандай еді ?

- Аурухананың жағдайы сол кезге сай болды. Медицинада ғана емес, барлық салада жағдай мәз емес еді. Тәуелсіздік алғанымызға он жылдан асса да, әлі де аяққа тұра алмай, қиын уақытты бастан кешірдік. Әрине, ол кездегі жағдаймен қазіргі жағдайды салыстыруға болмайды. Ауруханамыз шашыраңқы орналасты. Ғимарат ескі, суық. Медициналық қондырғылардывң тозығы жеткен. Препараттар бірде бар, бірде жоқ.

- Бастапқыда еңбек келісімшарты бойынша жұмысқа тұрған екенсіз. Мерзім аяқталғаннан кейін, жалпы жұмыс орнын ауыстырамын деген ойыңыз болған жоқ па?

- Әрине, болды. Адам болғандықтан жақсы жерге ұмтыласың. Үлкен шаһарға көшіп, балаларға жақсы білім алуға, жан-жақты дамуына жағдай жасағың келеді. Бірақ, біріншіден, менің орныма қалдыратын дәрігер болмады. Екіншіден, бізді қолдап, үнемі көмегін аямаған аурухананың бас дәрігерін жерге қаратқымыз келмеді. Ұжымды да қимадық. Ауданымыздың халқы да жақсы, әрі осы жерде шаңырақ көтеріп, балаларымызды өмірге әкелгеннен кейін бұл мекен бізге бүгінде ыстық.

- Қазір дерматолог болып жұмыс істейсіз. Халық тері ауруларымен жиі қарала ма?

- Ия, тері ауруларымен келетін науқастар көп. Оның ішінде балалар да бар. Соның ішінде аллергиямен қаралатындар жеткілікті. Аллерголог болмағандықтан бұл сырқаттар маған қаралады. Бүгінде бұл дертпен екінің бірі ауырады десем болады. Маусымдық ауру болғандықтан, әсіресе, жаз бен күзде қозып, сырқаттар көбейеді. Аллергия - 21 ғасырдың ауруы. Бұған экология, шаң-тозаң, ішкен асымыз, қолданған тұрмыстық заттарымыз әсер етіп жатыр. Балаларға келетін болсақ, олардың арасында биыл желшешек, қызамық кең таралған. Ал, наркология-психология – өз ерекшелігі бар сала. Диспансерлік есепке алынған науқастарымызға ем-дом жасаймыз.

- Сіз бұл салаға егемендігіміздің алғашқы жылдары келдіңіз, сондықтан сол кез бен қазіргі жағдайды салыстыра аласыз, қандай өзгеріс, даму бар?

- 2007 жылы сол кездегі Президенттің бастамасымен «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы қолға алынды. Ол бағдарламаның шарапатын біз де көрдік. Талшықта бір уақытта 200 тұрғынды қабылдай алатын және 100 науқасты жатқызуға болатын жаңа аурухана ғимараты бой көтерді. Десек те, қазір сырқаттарды ешқайда жібермей емдеуге әлі де тиісті жағдай жасалмаған. Мәселен, біздің аудандық ауруханаға лапроскопиялық ота жасайтын бейнеқұрал қажет.

- Ем алған сырқаттарыңыз хабарласып тұра ма?

- Әрине, хабарласып тұрады. Бір сырқат бар, ол маған «мен сіздің дауысыңызды ешқашан ұмытпаймын. Себебі операциядан кейін сіз мені оятқан едіңіз, сіздің дауысыңыз әлі менің құлағымда» дейді. Көрші Уәлиханов ауданында да менен ем алған науқастар бар. Онда да шақыртумен барып, көптеген отаға қатыстым.

- Дәрігерлердің өмірі күтпеген оқиғаларларға толы, сіздің де басыңыздан небір жайт өткен шығар?

- Ия, ондай оқиға көп қой, бірақ жадымда жатталып қалғаны 2006 жылы болды. Түнде ауруханаға жүрек жарақаты бар, ес-түссіз жатқан адам жеткізілді. Жағдайы өте ауыр болды. Жүрек соғысы байқалмайды, қан қысымын анықтау мүмкін емес. Шұғыл жағдайда операция жасауға тура келді. Осылайша, аудандық ауруханада қолдағы бар құрал-жабдықпен жүрекке ашық ота жасалды, бұл ерлікпен пара-пар еді. Операцияны менің жолдасым жүргізді. Ота сәтті өтті, өлім мен өмір арасында жатқан науқасты аман-есен алып шықтық. Қазір ол кісі бізді көрген сайын алғыс айтады. Дәрігерге одан артық бақыт жоқ.

- Отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз. Дәрігер – қиын мамандықтардың бірі. Кез-келген уақытта Сіздің көмегіңіз керек болып, шақырту түсуі мүмкін. Жолдасыңыз жұмысыңызға түсіністік білдіре ме?

- Жаңа айтып кеткенімдей, менің жолдасым да дәрігер. Бауыржан Бейсенұлы Ақжар аудандық ауруханасында хирург болып еңбек етеді. Екеуіміз бір салада еңбек еткендіктен, оған менің жұмысым жақсы таныс, үнемі қолдап, ақылын айтып отырады. Ол да 2001 жылы шақыртумен келіп, содан бері еңбек етіп жатыр.

Шақырту түскенде балаларымызды ертіп алып, ауруханаға баратынбыз, өйткені бұл жақта туыс жоқ. Біз отаға кіргенде балаларды медбикелер мен санитарлар қарайтын. Балаларымыз ауруханада өсті.

- Мерекеге орай оқырмандарымызға тілегіңізді білдірсеңіз..

- Тәуелсіздік күніне орай айтарым, халқымыз аман, еліміз тыныш болсын! Бай-қуатты ел болайық!

- Рахмет!