Аудармашылар мен журналистер «саламат» пен «салауатты» ажырата алмайды - Н.Уәлиев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып, «Бұқаралық ақпарат құралдары және тіл нормасы мәселелері» тақырыбында республикалық дөңгелек үстел өткізді.

Бас қосуға қатысқан белгілі лингвист ғалым А.Байтұрсынов атындағы Тіл білім институтының бас ғылыми қызметкері Нұргелді Уәлиев журналистер мен аудармашылардың қатесін тізді. «Біраз жылдар бұрын қазақ тілінің ең негізгі бес саласының ішінде жетекші сала көркем әдебиет болатын. Сол көркем әдебиеттен, ақындар мен жазушылардан көп нәрсе үйрендік. Ал қазіргі бұл сала ығысып қалды. Оның орнын бұқаралық ақпарат құралдары басып, жетекші салаға айналды. Енді газет-журналдар ығысып кете ме деген қауіп бар. Себебі, жарнама тілі, жарнамашылар басым бағытқа айналып бара жатыр. Ал олардың тілі өте ауыр. Одан кейінгі сала ретінде ресми іс қағаздар саласын атауға болады. Ресми тіл аудармаға байланған. Одан кейінгі сала - сөйлеу тілі. Сөйлеу тіліміздің өзі қиындап кетті», - дейді Н.Уәлиев. Оның айтуынша, тілдік семантика - тілдің норма негіздері ұзақ жылдар бойы қаланады. Ол бұзылса, нағыз қауіп сонда. Бұқаралық ақпарат құралдары ана тіліміздің сұрқын қашырып жүр. Себебі, тікелей аудармаға сүйеніп, кірме сөздерді көп қолданып, қазақтың көркем сөздері ұмытылуда. Дәлел ретінде ғалым қазір журналистер қате қолданып жүрген сөздер мен сөз тіркестерінен бірнеше мысал келтірді. «Мысалы, журналистер «салдарынан» дегеннің орнына «нәтижесінде» дейді. Нәтиже - жағымды түсінік. «Салдарынан» деген жағымсыз нәрсе. «Етек алды», «қанат жайды» дейді. «Маскүнемдік қанат жайды» дейді. Бұл қате. Қазақ жағымсыз дүниені «етек алды» дейді. Өздеріңіз білесіздер, біраз уақыт бұрын «елбасыға» деген сөздің қай жері қате деп шықты. Дұрысы - «елбасына». Мысалы, «анасына» деудің орнына «анасыға» демейміз ғой. Одан кейін тіл мамандарының өздері айдан аспаннан шығарып жүр. Тіл мамандары «туды» деу дұрыс емес, әйелден бала «туылады» дегенді шығарды. Соларға ерген журналистер эфир мен газетте «туылды» деген сөзді ұялмай қолданып жүр. Сонда туған ағасын «туылған ағасы», туған әкесін «туылған әкесі» дейміз бе? Бұл - логика қуу. Бірақ тілдің заңдылығы логикаға сыймайды»,- дейді Н.Уәлиев. Ғалым қазір журналистер мәдени семантиканы да ескермей бара жатқанына қынжылыс танытты. «Әсіресе, «бағындырды» деген сөз қиын болып барады. Бұл әскери терминді алып спорттағы «жүз метр қашықтықты бағындырды» деп қолданып жүр. Кезінде «мұғалима» деген сөзді әрең қойдырып едік, орның орнын «төрайым» басты. Бейімбет Майлин бізден тілді артық білмесе, кем білмейді. Колхоз басшылығына сайланған әйелді «төраға» деп жазғанын жақсы білеміз. Енді біздің филологтар мен журналистер «төрайым» деген сөзді тауып алды. Бұдан өзге, мәдени семантика мүлде ескерілмейді. «Саламат» пен «салауатты» ажырата алмаймыз. «Салауат» деген кешірім деген сөз, қазақ қоғамында, әсіресе, құқықтық негізде жақсы қолданылған сөз. Дау-дамайды тоқтату үшін «Пайғамбарға салауат айтылады, дауды тоқтатыңдар» дейтін. Ал қазір аудармашылар мен журналистер «саламатты» дегеннің орнына «салауатты өмір салты» дейді. «Саламатты» деуге тіліміз келмей жатыр ма?», - деді ол. Сондай-ақ тіл маманы эфирде «ақтық сайыс», «ақтық сын» деп айтуға да қатысты сын-пікірлерін білдірді. Оның пайымынша, қазақ қайтыс болған адамның «ақтық демі таусылды» деп, қайтыс болған адамды «ақтық» сапарға шығарады. «Журналистердің тағы бір жақсы көретіні «торқалы той» деген сөз. Торқалы той - топырақ беру деген сөз. Торқалы тойдың бір нұсқасы ретінде топырақ тойы деуге болады. Топырақ тойы - ас беру тойы. Осындай дүниелер ұмыт болып бара жатыр. Мәдени семантика сақталмайды. Сайып келгенде, тіл экологиясы әбден бұзылды», - деді сөзін түйіндеген Н.Уәлиев.