Алғашқы атаулы мереке күнінде ҚазАқпарат тілшісі Авиациялық қауіпсіздік қызметінің ардагері, 40 жылдам астам уақыт жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Светлана Громовамен сұхбат ұсынады.
Светлана Громова 40 жылдан астам уақыт бойы қазіргі Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайда инспектор болып еңбек еткен. Оның еңбек кітапшасында бір ғана жазба бар. 2020 жылы «Құрметті авиатор» төсбелгісімен марапатталған және зейнетке шыққан. Сұхбат барысында кейіпкер алғашқы жұмыс жылдарын еске алып, авиациялық қауіпсіздік қызметінің қыр-сырымен бөлісті.
«Жас қызды әуежайда не қызықтыруы мүмкін? Әрине әдемі форма. 1982 жылдың 1 маусымында сол кездегі Целиноградтың кішкентай әуежайына келдім. Ол күндері мұндай ауқымды қауіпсіздік қызметі болған жоқ, тек бақылау-өткізу бекеті мен тексеру қызметі бар тасымалдау бөлімі ғана жұмыс істеді. Коммерциялық қойма бойынша кезекші болып жұмысқа орналастым да, бір жылдан кейін тасымалдау қызметіне ауыстым. Онда жолаушыларды күтіп алып, шығарып саламыз. Біріміз тіркеу бойынша, енді біріміз – жүк бойынша кезекші боламыз. Біршама уақыттан кейін цикл ауысады: тексеру, тіркеу және жүк циклі сағат тіліндей жұмыс істейтін. Кейінірек тасымалдау мен қауіпсіздік қызметі екіге бөлінді. Осылайша Авиациялық қауіпсіздік қызметі құрылды. Мен 40 жыл бойы бір орында жұмыс істедім, ешқайда ауыспадым. 2020 жылы 13 наурызда зейнетке шықтым, ал 14 наурызда әуежай пандемия салдарынан жабылды. Сондықтан Громова жоқ болса, әуежай да жоқ», - деп күлді ардагер инспектор.
Әуежайда жолаушыларды күтіп алып, бақылау-тексерумен айналысатын қызметкерлер – авиациялық қауіпсіздік қызметінің инспекторлары деп аталады. Бір инспектор жолаушыдан металл заттарын себетке салып, құжаттарды, отырғызу талонын көрсетуді сұрайды. Тағы бір қызметкер монитордан жолаушы жүгін тексереді, ал тағы бір инспектор жолаушының тексеру құралынан өтуін қадағалайды.
«Жауапты болу және өз жұмысымыздың ерекшелігін білу – біз үшін негізгі талаптар. Біздің басты міндетіміз – жолаушылардың қауіпсіздігі. Қазір әуежайда да, жүк бөлімінде де үздік техникалар орнатылған. 1980-жылдары олар біздің түсімізге де кірмеген еді. 1990-жылдары елде дағдарыс болғанда да, жалақымызды уақытылы алып тұрдық. Өйткені, адамдар барлық заманда да ұшатын болады. Алғашында әуежайда 15-16 инспектор жұмыс істейтін еді. Кейінірек, әуежайдың ауқымы кеңейіп, ауысым басшысы болғанымда, қызметкерлер саны 40-қа жеткен еді. Ал зейнетке шыққанымда 115 қызметкер жұмыс істейтін болды. Яғни, 30 жылда біз де көбейе түстік», - дейді С. Громова.
Авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері әрдайым түрлі сынақтардан өтеді. Шетелде тәжірибе алмасады, тіпті жаңадан инспекторларға да ерекше талаптар қойылады. Елордалық әуежайдың ішінде оқу орталығы орналасқан. Инспекторларға техникалық және өндірістік дағдылар ғана емес, жолаушылармен қалай сөйлесу керектігі де үйретіледі.
«Адамдар әртүрлі болады. Тіпті ең талапшыл жолаушының да тілін табу керек. Себебі, бұл – қызмет көрсету саласы. Мұндай адами қарым-қатынастар құпталады. Мәселен, жолаушы баласымен өтсе, «Балаңызды мен ұстай тұрайын» деп көмектесуге болады. Осылайша, ананы да ренжітпей, баланы да қауіпсіздік үшін тексеріп алуға болады. Әрине, әуежайға жоғары лауазымды шенеуніктер мен отандық және шетелдік эстрада жұлдыздары да келеді, барлығы тексеру бекеттерінен өтуге міндетті. Мысалы, бір әнші тексеруде белбеуді шепеймін деп тұрып алды. Талап бәріне ортақ, оларға қауіпсіздік шараларын ерінбей түсіндіреміз. Тағы бір әнші пальтомды ұмыттыппын деп өткізу бекетіне қайтып келді. Қалтасында не бар екенін айтыңыз деймін. Мені танымай тұрсыз ба деп ол шамданады. Тағы бір жолаушы «қазақша сөйлеңіз» деп талап етті. Онда да «Сәлеметсіз бе! Отырғызу талонын көрсетіңіз» деп сайрай жөнелемін. Мен өз елімнің патриотымын, мен қазақ тілі мен салт-дәстүрді жақсы көремін. Осы елде тұрып жатқан соң, әрине мемлекеттік тілді жақсы білемін», - дейді С. Громова.
Сонымен бірге, сұхбат барысында инспектор ұшақ жүгі туралы жолаушыларды толғандырып жүрген бірқатар сұраққа жауап берді.
«Ұшақ салонына 100 мл асатын сұйықтықты жібермейміз. Бұл талап Лондондағы Хитроу әуежайында қаскөйлердің жолы кесілгенде пайда болды. Олар суларды біріктіріп, сұйық бомба жасауға әрекеттенген. Кей жолаушылар ұшақ ішінде су сату үшін әдейі тыйым салады деп ойлайды. Борт ішіндегі су мұқият тексеруден өткен және жолаушылар өмірі үшін қауіпсіз», - деп түсіндірді Светлана Громова.
Егер жақын арада рейс жоспарласаңыз, электронды шылымдар мен литий батареяларын багажда емес, қол жүгінде ғана алып жүруге болатынын ұмытпаған жөн. Аздап ішімдікке мас болған жолаушыларды да салонға кіргізеді, бірақ өзге жолаушыларды құрметтеп, тәртіп сақтау қажет.
Сүрленген, піскен қазыны тасымалдау мәселесін әуе компанияларынан анықтап, орау талаптарын сұрау керек. Ал шикі етті тасуға көптеген әуе компаниялары рұқсат бермейді. Өйткені, шикі еттің қаны ұшақ пен өзге жолаушылардың жүгін былғауы мүмкін, тіпті ұшақты арнайы тазалау қажет болады, оның иісін де кетіру өте қиын.
«Әуе тасымалында қауіпсіздік бәрінен маңызды деп есептеймін. Ол бірінші орында болуы керек. Мен өз қызметімді жақсы көремін, сондықтан жас кезімді бортсерік жұмысы ұсынылса да, ауыспадым. Себебі, дәл осы жұмыс маған жақын болды. Адамдарға жақсылық жасау, көмектесу ұнайтын. Зейнеттік жасым келмегенде, әлі де әуежайда жүрер едім (күлді). Сондықтан кәсіби мерекемізде барлық ардагерлерді, қызметкерлерді осы айтулы күнмен құттықтағым келеді. Барлық жақсылықты, өркендеуді, мансаптық өсуді, адалдықты және мамандыққа адалдық тілеймін», - деп құттықтады ардагер инспектор Светлана Громова.