Ауғанстан Президенті Хамид Карзай тәлібтерді тағы да бейбітшілікке үндеді

АСТАНА. Ақпанның 1-і. ҚазАқпарат - Ауғанстан Президенті Хамид Карзай кезекті мәлімдемесінде, тәлібтерді тағы да бейбітшілікке, зорлық-зомбылықтан бас тартып, қаруларын тастауға және ел билігімен бітімге келуге шақырды.

Бұл туралы Карзай Кабулде жексенбі күні болған баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

«Біз, ауғандықтар ретінде, елімізге тыныштық және қауіпсіздік әкелу үшін, қолымыздан келгеннің бәрін атқарып жатырмыз», деді ол баспасөз мәслихатында.

Карзайдың бұл мәлімдемесі, осының алдында Лондонда өткен Ауғанстан бойынша халықаралық конференцияда оған қатысушылар, содырларды бейбіт тіршілікке қайтару жөніндегі ауған үкіметінің жоспарына қаржылай қолдау көрсетуге уәде бергеннен кейін жасалып отыр.