АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат - Ауғанстандағы Қандағардың шығыс жағында бірнеше шақырым жерде американдық тікұшақ апатқа ұшырады. Бұның нәтижесінде, халықаралық коалицияның бір мүшесі қаза болып, тағы біреуі жарақат алды, деп хабарлайды Reuters НАТО өкіліне сілтеме жасап.
Коалиция баспасөз хатшысы, капитан Лука Карниэльдің айтуынша, тікұшақ құлаған ауданда қарсылас жақ белсенділік танытпаған көрінеді. Апаттың себебі белгісіз және тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккендердің ұлты мен тікұшақтың түрі анықталуда.
Айта кетейік, осымен бір аптаның ішінде Ауғанстанда американдықтардың екінші әуе апаты орын алып отыр. Биылғы 11 наурызда Қандағар түбіндегі апаттан 5 американдық әскери қызметшілер қаза болған еді.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.