— Медетбее Темірбекұлы, әңгімемізді сот жүйесіндегі реформалардан бастасақ…
— Биыл елімізде өткен Судьяларының ІХ съезінде сот саласын кешенді реформалау ісіндегі қол жеткізген жетістіктер кеңінен сөз болды. Айталық, мемлекетімізде конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті қазылар қауымының өзіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни, оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады.
Сонымен қатар, осы съезде Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев аталмыш саланы цифрландырудың маңызы зор екеніне тоқталды. «Цифрлық технологиялар азаматтардың сот процесіне қатысуын айтарлықтай жеңілдетті. Сондай-ақ сот қызметінің барынша ашық болуын қамтамасыз етті. Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл — әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады. Бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек. Сол кезде әркім өзіне қатысты істің нәтижесін бағамдай алады. Бұл бастама сотта қаралатын дау-дамайды азайтады. Жұрт та босқа арызданып, шағымдана бермейді.
Жалпы, сот ісін жеңілдету — маңызды міндет. Ол үшін озық технология мен жасанды интеллектіні кеңінен пайдаланған жөн», — деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.Жалпы елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығая түсетіні сөзсіз. Ауданымызда сот жүйесін жетілдіру мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде, оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған істердің саны көбеюде. Тараптарға медиация тәртібімен татуласу тиімді екені туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, тараптардың татуласумен ақталған істердің де саны артуда.
Дегенмен, Бәйдібек аудандық сотында онлайн тәртіпте рәсімделген қарыздарды қайтару туралы азаматтық істер көп қаралып жатыр. Айта кетейік, бүгінде осы онлайн тәртіпте рәсімделетін несиелерді алудың жолы жалпыға қолжетімді. Сондықтар адамдар өздеріне қажетті соманы онлайн түрде рәсімдеп алғаннан кейін оны уақытында қайтаруды ойламайды. Соның салдарынан осы қарыздарды сот арқылы қайтару туралы талап қойып, сотқа арызданғандар қатары көп.
— Аудандық сотта жыл басынан бері қанша іс қаралды? Олар жайлы да тарқатыңқырап айта кетсеңіз…
— Бәйдібек аудандық соты — екі құрамдық сот. Онда 1 төраға, 1 судья, сот кеңесінде 1 Сот Әкімшісі, 2 сот отырысының хатшысы, 2 бас маман, 1 жетекші маман, 1- аға сот приставы жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың 9 айында сотқа 33 адамға қатысты 29 қылмыстық іс келіп түскен болатын. Ал, өткен жылдың осы кезеңінде 36 адамға қатысты 34 қылмыстық іс қаралды.
Сонымен қатар, 31 адамға қатысты 27 іс (2023 жылы 34 адамға қатысты, 32 іс) аяқталып, оның ішінде 17 адамға қатысты 14 іс бойынша айыптау үкімі шығарылды (2023 жылы 23 адамға қатысты 22 іс бойынша). 10 адамға қатысты 9 іс тоқтатылып (2023 жылы 5 адамға, 5 іс), медиатордың қатысуымен 2 адамға қатысты 2 іс (2023 жылы 2 адамға қатысты 2 іс) аяқталды.
Қысқартылған тәртіппен 12 іс қаралды (2023 жылы қысқартылған тәртіппен 14 іс қаралған). Аталған мерзімде прокурордың қатысуымен 21 іс қаралды (2023 жылы 23 іс). Тарқатып айтар болсақ, ағымдағы жылдың 9 айында азаматтық істер бойынша 342 талап қою арызы мен 11 іс түскен болатын. Оның ішінде 11 іс пен 2 арыз өткен жылдан қалдық болып өтті.
Нәтижесінде, 291 іс аяқталып, оның 165-іне шешім шығарылды. 43 арыз қайтарылды. 1 арыз қабылдаудан бас тартылып, 16 іс қараусыз қалдырылды. 9 іске бұйрық шығарылса, 98 іс тоқтатылды. Оның ішінде 94 іс медиация тәртібі арқылы шешілді. Ал, 4 арыз бен 23 іс келесі жылға қалдық болып өтіп отыр. Сонымен қатар, биылғы жылдың 9 айында 172 әкімшілік құқық бұзушылық іс түсіп, оның 167-і аяқталды. Оның ішінде 131 іске әкімшілік жаза қолданылса, 36 іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. 5 іс медиатордың қатысуымен шешімін тапты.
Жыл басынан бүгінге дейін 4 әкімшілік істер бойынша арыз түсіп, оның екеуіне шешім шықты. Осы ретте айта кету керек. Қоғамымызда құқықтық мәдениет ақсап тұр. Өйткені, жоғарыда айтып өткеніміздей адамдардың көбі өзінің алған міндеттерін орындаудан жалтарудың жолын іздейді. Мысалы, Нотариат туралы заңға сәйкес нотариус қарыз берушінің өтініші бойынша даусыз берешекті борышкерден өндіріп алу туралы атқарушылық жазбасын жасауға құқылы.
Егер атқарушылық жазба жасалғаннан кейін 10 күн ішінде борышкерден қарсылық түссе, нотариус атқарушылық жазбаның күшін жояды. Алайда, борышкерлер нотариустың атқарушылық жазбаның күшін жоюға құқығы бар екенін біліп, атқарушылық жазбаның күшін 10 күннің ішінде жоюға арыз бермей, тек сот орындаушы олардың банктік шоттарын бұғаттайды. Берешекті өндіру жұмыстарын жүргізу барысында ғана нотариусқа жүгініп, атқарушылық жазбаның күшін жойып, банктік шоттарын ашып, даусыз берешекті төлеуден жалтарады. Одан кейін кредитор берешекті өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінгеннен кейін сотқа келмей, ешқандай пікірін ұсынбайды.
Заңмен белгіленген мерзімнен кейін соттың оңайлатылған тәртіпте қабылданған шешімі заңды күшіне енген соң екінші рет сот орындаушыға түсіп, банктік шоттары бұғатталған кезде, борышкер сотта талап қоюдың түспегенін білмегенін, соттың шешімін уақытында алмағанын көрсетіп, соттың шешімінің күшін жоюды талап етіп арыздары сотқа беріп жатады. Яғни, аталған тұлғалардың мақсаты заңмен белгіленген өзінің құқықтарын адал пайдаланбай, тек жауаптылықтан жалтару жолын іздейтіні байқалады. Мұндай жағдайдың бәрі құқықтық мәдениеттің жоқтың салдарынан орын алуда.
— 98 істің 94-інің медиация, яғни татуласу арқылы сотқа жетпей шешімін табуы бұл үлкен көрсеткіш қой. Қазіргі таңда елімізде билердің қызметін атқарып жатқан медиаторлық қызмет жайлы толығырақ айта кетіңізші…
— Татулығы жоғалған елдің тыныштығы жоғалады. Бәйдібек ауданы қаймағы бұзылмаған қазақы өңір. Ата-бабамыз қашанда сөзге тоқтаған халық қой. Бәйдібек ауданының барлық ауылдарында тұрғындардың өздері құрметтеп, қадір тұтатын билер бар. Сол аймақтарда туындаған даулар бірінші солардың алдарынан өтеді. Тұрғындар медиациялық ұйымдарға, кәсіби және қоғамдық медиаторларға көбінесе отбасы, бала мүддесі, мүліктік немесе қаржылай міндеттемелер, еңбекке және қылмыстық теріс қылықтарға байланысты туындайтын дау-дамайлармен келеді.
Медиаторлар дауды екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқамен шешуге, араздық деңгейді төмендетуге тырысады. Әрине, екі тараптың да тең құқығын сақтай отырып, баламалы жол таба білу — медиатордың кәсіби шеберлігіне байланысты. Реті келгенде айта кетейік, заңға сәйкес, тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптары бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиаторлардың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор қызметін атқара алады.
Медиаторларды екіге бөліп қарастыруға болады. Кәсіби және кәсіби емес. Жасы қырықтан асқан, өз ортасында беделі бар, жергілікті атқарушы органда кәсіби емес медиаторлардың тізіміне енгізілген адамдар кәсіби емес медиатор бола алады. Ал, кәсіби медиаторлардың жасы жиырма бестен асқан болуы керек. Әрине, олардың жоғары білімді, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша білімін жетілдіргенін растайтын құжаты болуы керек. Сонымен қатар, медиаторларда азаматтармен кез келген тақырыпта тілдесе алатын, шешендік қасиет болуы керек.
Дауласқан тараптар медиаторлар көмегіне жүгіне отырып, материалдық және моральдық шығындарға ұшырамайды. Сонымен қатар, медиаторлар араздық туындағанда қалыпты қарым-қатынасты сақтап қалуға үлкен көмегін тигізеді. Бұл да маңызды дүние деп білемін. Қазіргі таңда сот жүйесінде сот мамандарын іріктеу және олардың құзыретін күшейтуге де баса мән берілуде. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы: «Жалпы, судьялар адалдықтың, дербестіктің және әділдіктің жарқын үлгісі болуы керек. Сондықтан судьялардың этикалық нормаларды сақтауы ерекше маңызды. Жаңа өзгерістерге сай енді сот ісін қарау кезіндегі барлық өрескел қателікті Сот жюриі тексереді.
Бұл — соттардың тәртіптік жауапкершілігін күшейтуге бағытталған жаңа тәсіл» деген болатын. Жалпы заң мен тәртіп — әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығая түседі.
— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Заңымыз мәртебелі тұғырынан түспесін!